Қыздар университетінде «Тауқымет және тағзым» атты дөңгелек үстел өтті

5 июня 2017

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Қыздар университетінде «Тауқымет және тағзым» атты дөңгелек үстел өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің мақсатымыз жау іздену емес, болған қасіретті ұмытпау, нақты тарихты білу, оны жазып қалдыру және біздің тұқым-жұрағаттарымыз білу үшін еске алып отыру. Біз әлдекімді немесе тарихты кінәлағымыз келмейді. Біз тек шындықты білгіміз келеді. Шындықты білу арқылы тап сондай нәубат қайталанбас үшін не істеу керек екенін білеміз», деп 31-мамыр күнін – саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіледі.

      Атаулы күнге орай, Қыздар университетінде Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының тарих магистры, аға оқытушы Манар Рахимжанованың ұйымдастыруымен «Тауқымет және тағзым» атты дөңгелек үстел өтті.  Дөңгелек үстел қуғын-сүргін құрбандарын бір сәт үнсіздікпен еске алумен басталды.

Шараның ашылу рәсімінде алғы сөз сөйлеген Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Жамал Әшірбекова: «Шарамыздың  басты мақсаты - жазықсыздан-жазықсыз саяси қуғынға ұшырап кеткен қазақ зиялыларын және ашаршылық құрбандарын еске алу, студенттерімізге қуғын-сүргін құрбандары болған алаш зиялылары мен ашаршылықты, адамзат тарихында ең қасіретті кезеңді басынан өткерген Қазақ елінің тауқыметін жастарға жіті жеткізу. Екі қайтара соққан бұл жұттан 4 миллион адам опат болған. Сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматты жылдарды бүгінгі жастарымыз білуі керек және  қаралы кезеңді ешқашан естен шығармай, жадында сақтап, еске алып тағзым ету біздің, жас ұрпақтың  парызы» ,- деп студенттерге  шараның мәні мен маңызын атап өтті.

Шараға Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқытушы Майра Пернекулова, тарих ғылымдарының кандидаты, проф.м.а. Айнагүл Қайыпбаева және факультет ұстаздары мен ӘГФ 1-курс студенттері  қатысып, зұлмат жалдар туралы өз ойларымен бөлісті.

Дөңгелек үстелде тоталитарлық жүйе кезіндегі саяси қуғын-сүргін, қолдан жасалған жаппай ашаршылықтың туындау себептері, салдары,  тарих ғылымындағы өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, талданды. Кеңес Үкіметінің қазақ халқына жүргізген  солақай саясаты туралы  сөз болды. Студенттер қуғын-сүргіннің ащы шындығы туралы   баяндамалар дайындап, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап арнау өлеңдерін оқыды. Шара аясында  қуғын-сүргін және ашаршылық туралы жарық көрген кітаптардың таныстырылымы өтті.

       1937-1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында қалмақ. Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп – «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп – «халық жауы» деген жала жабылып атылып кетті. Талай бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Қазақ халқы қанша қиыншылық көрсе де, мойымай елдігін сақтап келеді. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін жазықсыз жапа шеккен аға ұрпақтың есімдерін мәңгілік құрметтеу, еске алу және есте сақтау қасиетті парыз әрі міндет.  Тарих – халықтың жады мен зердесі. Ендеше, өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес. 

Вернуться на уровень выше просмотров: 691