Университет «Кайнар» с 20-летием Университет «Кайнар»!
Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы «Қайнар» университетінің 20 жылдық мерей тойымен ректоры Омаров Еренғайып Сәліпұлын және осы оқу орынында жас маман дайындауда талмай еңбек етіп келе жатқан ғалым ұстаздар мен университет ұжымын шын жүректен құттықтайды!
«Қайнар» университеті еліміздегі әлеуметтік-гуманитарлық бағытта ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындайтын алғашқы мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде университет Республикамыздағы белгілі оқу орнына айналған білім және ғылым мен мәдениеттің орталығы.
Университетте алты факультет жұмыс жасайды. Бұл факультеттерде 18 мамандық және 7 бағыт бойынша білім беріледі. Іргесі қаланғаннан бері университеттен 21 мыңнан астам түлек ұшқан.
Жоғары білімнен кейінгі кәсіби білімді меңгертетін магистратура бөлімі сегіз мамандық бойынша жұмыс жасайды. Сонымен қатар магистранттар Еуропа мен Америка елдерінің жоғары оқу орындарында алты мамандық бойынша білім алады.
Университет оқытушылары осы аралықта 16 докторлық және 30 кандидаттық диссертациялар қорғап шықты.
Оқу орны педагогика саласындағы әлемдік жетістіктерді игеру мақсатында әрдайым өзінің халықаралық байланыстарын кеңейтіп келеді. Бүгінгі күнде университеттің 30-дан астам тәжірибе алмасу келісімшарттары жасалған шетелдік серіктестері бар.
Оқу ордасы Болон жоғары оқу орындары ассоциациясы құрамына енген және «Университеттердің Ұлы Хартиясына» қол қойған.
Жоғары оқу орны маңызды ғылыми-шығармашылық және педагогиқалық потенциалға ие.
Осы және басқа да оқу процесіне қатысты көрсеткіштер бойынша университеттің алдыңғы қатардан көрінуі – оның іргелі оқу орнына айналғандығы, халық алдындағы беделінің биіктігі.
Құрметті ұстаздар! Сіздердің бүкіл еліміз үшін, қазақ халқы үшін атқарып жатқан қызметтеріңіздің ауқымы ұланғайыр, шексіз. Табысты еңбектеріңіздің жемісі мен игілігін бүкіл халқымыз көретіні анық. Сіздердің ұлағатты еңбектеріңізге үлкен табыс, парасатты игі нәтиже тілейміз! Оқу ордасының шоқтығы биік бола берсін.











