ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕРЕКТІ КИНО ФЕСТИВАЛІ ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТКІЗІЛМЕК
28 желтоқсан – Халықаралық кино күні. Деректі кино өнерінің көшбасшысы Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Тұран» университеті Қазақстанда тұңғыш рет Халықаралық деректі кино фестивалін өткізбек.
Осы бастаманың төңірегінде университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановпен сұхбаттасқан едік.
– «Сырт көз – сыншы» дейді. Сіздіңше, кино өнерінің қалыптасу үрдісі қандай бағытта дамып жатыр?
– Тұңғыш рет 1895 жылы 28 желтоқсанда Париж қаласында ағайынды Люмьерлердің арнайы кино көрсетілімі өткеніне биыл 120 жыл толды. 1908 жылдың 15 қазанында Ресейде «Понизовая вольница» фильмінің көрсетілімі арқылы кино өнерінің тууы болып тарихта қалса, қазақ жерінде Әліби Жангелдиннің шетел аралаудағы ұзақ сапарынан кейін, Жапониядан әкелген киноаппараты арқылы Торғай өңірінде фильмдер көрсетіп, жергілікті халықтың сауатын ашуға ықпал жасаған алғашқы қадамына биыл 101 жыл өтті. Бүгінде 120 жылдық тарихы бар әлемдік кинематографтың жетістіктері таңқаларлықтай.
Соңғы жылдары Қазақстанның киноөндірісінде едәуір өрлеу нышандары бар. Халықтың киноға деген қызығушылығы жоғары. Бұл көрсеткішті мынандай нақты деректерден көруге болады. 2002 жылы киноны 2,8 млн адам барып тамашаласа, 2014 жылы бұл көрсеткіш 12,8 млн-ға жеткен, оның ішінде Алматы қаласы бойынша 1,2 млн.
Кинотеатрлар жүйесін дамыту да жолға қойылған. Оның саны – 96, соның ішінде Алматыда – 23, ауылдарда – 17. Елімізде 249 кинозал бар, оның ішінде Алматыдағысы – 96. 2014 жылдың кино көру қорытындысы бойынша 12,8 млн адамның 6,8 млн-ы – АҚШ фильмдерін көруге, 1,6 млн-ы – Ресей, 1,06 млн-ы – Қазақстан, 288,5 мыңы – Франция, 88,9 мыңы Ұлыбритания киноөнімдерін көруге барған. Бұл көрсеткіш – қазақ киносы үшін үлкен жетістік. 2002 жылдары көрсеткіш нөлдің деңгейінде еді. Қысқа мерзімнің ішінде және қатаң бәсекелестік жағдайында 10% деңгейіне көтерілу оңай шаруа емес.
Киноөндірістің жетістіктері түсірілген фильмдердің санының артуына да байланысты. 2014 жылы елімізде 347 фильм түсірілген, оның 269-ы – қысқаметражды, 77-сі – толықметражды, 202-сі – деректі және 53-і – анимациялық фильмдер.Фильмдер тек Алматыда ғана түсірілмейтіндігін ерекше атап өту қажет. 2014 жылы Алматыда 245 фильм түсірілсе, Астанада – 68, Шымкентте – 23, Шығыс Қазақстан облысында 11 фильм түсірілген. Түсіру жұмыстарымен 31 мекеме айналысқан.
Киноның қаржылық жағының көрсеткіші де назар аударарлықтай. Егер 2002 жылы орта есеппен 69,6 киноны көру үшін көрермендер 654,3 млн теңге төлесе, 2014 жылы кинотеатрлардың кірісі 537,8 мың көрерменнен 12,3 млрд, соның ішінде Алматыда 5,1 млрд теңгеге жеткен табыс тапқан.
– Деректі кино фестивалін өткізу шаралары қалай қолға алынды?
– Белгілі киногер Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіледі. Осы төңіректе әртүрлі мәдени шаралардың ұйымдастырылуына белсенді түрде атсалысып жатқан ұжым арнайы бағдарлама қабылдады. О.Әбішев атындағы қор құрылды. «Тұран» университеті, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті кино факультетінде оқитын талантты студенттерге Ораз Әбішев атындағы арнайы стипендия тағайындап жатыр. Режиссердің туған жері Семейде арнаулы мектеп пен көшеге Ораз Әбішевтің есімін беру іс-шарасы да қамтылуда. Ел тарихынан сыр шертетін, арнайы деректерді негізге алған таңдамалы фильмдерінің қорын жасау жұмыстары да жоспарда бар.
«Тұран» университеті О.Әбішев атындағы Халықаралық деректі кино фестивалін 2016 жылдың сәуір айында өткізуді жоспарлап отыр. Өзінің саналы ғұмырын деректі кино өнеріне арнап, оның негізін қалауға алғашқылардың бірі болып атсалысқан режиссердің есімін кинофестивальмен байланыстырып, жыл сайын жастардың санасында жаңғыртып отыруды әділдік деп санаймын. Университетте кинофестиваль жұмысының жаңғыруы кино саласы бойынша білім алып жатқан жастарымыз үшін тәжірибелік тұрғыдан мүмкіндіктерін арттыруға айтулы үлес болады.
– Ұлттық деректі кино өнерінің негізін қалаған киногердің шығармашылық жолын қалай бағалайсыз?
– Ораз Әбішевтің әрбір туындысы бүгінгі күнде экран өнерінің баға жетпес шежіресіне айналуымен құнды. 70-тен астам фильмі мен 300-ге жуық киножурналы – қазақ киносының қорына қосылған теңдессіз еңбек. Халқымыздың таңдаулы тұлғалары Абай, Қажымұқан, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаевтардың өмір жолын зерттеп, кинотаспаға түсіріп қалдырды. Режиссердің «Халық таланттары», «Қазақ жерінде», «Апа», «Бір хаттың ізімен», «Тарихпен тілдесу», «Абсент», «Тастағы таңбалар», т.б. көптеген тақырыптарды қамтыған деректі фильмдері республиканың қалыптасу кезеңдерінен таптырмас бағалы деректерден хабар етеді.
– О. Әбішев атындағы Халықаралық деректі кино фестивалінің басты құндылығы неде?
– Үлкен жүректердің соғысын әлем естуге хақылы. Ораз Әбішевтің Қазақстанның деректі кино өнерінің дамуына қосқан еңбегі теңдессіз. Көш бастаудың жауапкершілігін көтере білген Ораз Әбішевтей қайраткердің өнердегі ізбасарларына мүмкіндік жасау – біздің міндетіміз. Қазақстанда деректі кино өнеріне арналған кинофестиваль бірінші рет өткізілмек. Оны отандық деректі кино өнерінің негізін қалаушы Ораз Әбішевтей ұлы тұлғаның есімімен байланыстыруды жөн деп шештік. Кинофестивальді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын О.Әбішев атындағы арнайы сыйлық тағайындалады.Талапкерлерге қажетті қосымша барлық ақпарат «Тұран» университетінің сайтында жарияланатын болады.
Кинофестивальдің басты құндылығы мен мақсаты – қазақ деректі кино өнерінің дамуына үлес қосу, талантты жастардың шығармашылығына қолдау көрсету және олардың әлемдік өнер кеңістігіне батыл түрде қадам жасауына мүмкіндік жасау.
– Қазақстанда өнер саласына арнайы мамандар даярлайтын бірнеше жоғары оқу орны бар. «Тұран» университетінің кино мамандарын даярлаудағы өзіндік ұстанымы қандай?
– Мақсат – еркін ой иелерін білім алаңына топтастыру. Таңдаулылардың талабын жігерлендіру. Ертеңіне сенімді жастарға жауапкершілік арту. Шығармашылықтың шыңын бағындыруға қауқарлы таланттарды іріктеу. Жетістікке жетудің кілтін табуды үйрету. Өндіріске шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіру. Шәкірттерді тәрбиелеуде осы ұстанымдарға басымдық береміз.
– Кино өнері саласы бойынша оқу-ісі бағыты қандай көрсеткіштерге ие?
– Университетімізде «Кино және телевизия академиясы» факультеті бар. Кино саласы бойынша «Режиссура», «Операторлық өнер» мамандықтарын оқытамыз. Келешекте қосымша мамандықтар ашу да жоспарымызда бар. Оқытушылар құрамына өз саласы бойынша айтулы жетістікке жеткен, тәжірибесі мол мамандар ғана жасақталған. Студенттеріміз тұрақты түрде ВГИК және Нью-Йорк киноакадемиясынан ресми келісімшарттың негізінде арнайы шеберлігін шыңдау курстарынан өтіп тұрады. Шәкірттеріміздің қоғамдық мәдени іс-шараларға белсенді түрде атсалысуын қадағалап отырамыз. Университетте студенттердің шығармашылықпен еркін айналысуына барлық мүмкіндік жасалған. Халықаралық деңгейдегі кинофестиваль жұмысын ұйымдастырып, оның аясындағы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге университетіміздің жабдықталу қауқары да жеткілікті. Өнердегі талантты жастарды қолдап, олардың әлемдік кеңістіктегі өнер бәсекесіне батыл қадам жасауына барлық жағдай жасау университетіміздің міндеті.
Сұхбаттасқан Гүлзат КӨБЕК,
кинотанушы
Деректер Айқын газетінен алынған http://aikyn.kz