Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Гриффин У. Рикки, Пастей У. Майкл
Халықаралық бизнес: оқулық / Ауд. А.М. Бержанова, Э.Ж. Шалбулова. - Алматы: 2012. - 1000 бет.
Қазақстан егеменді ел болып, тәуелсіздігін алғаннан соң әлеуметтік нарықтық экономикаға бет алды. Тарихи тұрғыдан қарағанда аз жылдар ішінде елдің экономикалық негізі қайта құрылып, нарықтық экономиканың ашық моделі қалыптасты. Өтпелі заманның қайшылықтары мен қиыншылықтарына қарамай әлемдегі экономикасы тез өсіп келе жатқан бес елдердің қатарына ендік. Отанымыздың президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан - 2050» стартегиясы жасалып, ел дамуының ұзақ жылдарға бағыттары анықталып, халқымыз болашағына сеніммен қарайтын болды.
Қоғамдағы мұндай өзгерістер адам ресурстарымен тікелей байланысты. Қазақстанда жоғары мектеп жүйесі халықаралық стандарттарға көшіп, экономика саласында нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес жастарды жаңа мамандықтарға дайындау керек болды.
Жоғары білікті мамандар дайындау өте күрделі мәселе екені белгілі нәрсе. Бұл мәселелердің ішінде оқушыларды жоғары сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету білікті маман дайындаудың басты шарттарының бірі. Жастарымызды тәрбиелеу жүйесінде шетел тілдеріне қанша көңіл бөлмесек те, елімізде болып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық, демографиялық өзгерістерге байланысты ана тіліндегі оқулықтарға сұраныс көбейетініне де күмән келтіруге болмайды. Қазіргі біздің жоғары оқу жүйесінде қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтіні де (сапасын айтпағанда) белгілі нәрсе. Бұл мәселені шешу ұзақ мерзімді талап ететіні де сөзсіз. Оны шешудің белгілі бір жолы – оқушыларға аудармалы оқулықтарды ұсыну. Аудармалы оқулықтар ұлттық оқу жүйесінің мәселелерін толық шеше алмайды, бірақ қазіргі жаһандану заманында аудармалы әдебиетті тек уақытша оқулықтарды толтыратын құрал есебінде қарауға тағы болмайды. Жоғары деңгейде дайындалған, қазіргі заманның алдыңғы қатарлы ғылым жетістіктері мен дамыған елдердің тәжірибесін қамтитын оқулықтар ұлттық оқу жүйесі мен әлемдік оқу кеңістігін байланыстыратын тетік есебінде қаралуы керек.
Айтылған ойларға сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жарық көрген «Халықаралық бизнес» оқулығын үлкен істің тұсаукесері деп санауға болады деп есептеймін де, оның жалғасы болса екен деген тілек білдіргім келеді. Басқаша айтқанда, аудармалы ғылыми еңбектер мен оқулықтар шығару отандық оқу жүйесін жетілдіру саясатының құрамды және тұрақты бөлігі болу керек.
Аталған оқулыққа өз пікірімді білдірудің алдында айта кететін тағы бір жағдай – аудармашылық қызмет туралы. Бір тілден екінші тілге аударудың қандай қиын да қымбат екенін мен өз тәжірибемнен білемін. Арнаулы еңбектерді аудару үшін екі тілді жетік білу жеткіліксіз. Оған қоса сол саладан жақсы маман болу қажет. Бірақ ол да жеткіліксіз, тіл саласында да жақсы маман болу керек. Өйткені әр тілдің өзінің құрамдық ережелері мен ерекшеліктері бар. Осыны ескере отырып оқулықты аударған А.М. Бержанова мен Э.Ж. Шалбуловаға алғысымды айта кеткім келеді. Оқулықты қазақ тілінде түсінуге және игеруге болады. Бірақ келесі мұндай жұмыс атқарғанда аударушылар тобына қазақ тілі маманын қосқан артық болмас деп есептеймін. Өйткені оқулық мазмұны жағынан жеткілікті деңгейде аударылғанымен, грамматикалық олқылықтар да кездеседі.
Енді оқулықтың өзіне келетін болсақ, ол АҚШ-ның білікті профессорлары, халықаралық экономиканың мамандары Гриффин У. Рикки мен Пастей У. Майклдың бірігіп жазған әлемге әйгілі «Халықаралық бизнес» оқулығының 2004 жылы жарық көрген төртінші басылымының аудармасы. Көлемі 1000 бет. Оқулықта халықаралық бизнестің жан-жақты, терең зерттелгені көлемінен-ақ көрініп тұр. Сондықтан мұндай еңбектерге толық ой-пікір жазу да көлемді де, қиын жұмыс. Осыны есепке ала отырып, бұл аударма туралы пікірімді «ол кімдерге» және «не үшін керек» деген сұрақтармен шектелуді жөн көрдім.
Батыстың экономикалық білім жүйесі әдетте екі үлкен құрылымдық бөліктен – экономика және бизнестен тұрады. Экономикалық білім салалары экономиканың қызмет ету заңдылықтарын (механизмдерін) қарастырады. Ал бизнес бөлігі – осы экономикалық жүйедегі субъектілердің (тұлғалардың) іс-әрекеттеріне талдау жасайды. Оқулықтың атының өзі бұл бірінші кезекте бизнеспен шұғылданатын субъектілерге арналғанын көрсетеді. Бизнесмендерді қазақша іскер адамдар (іскерлер) деп көрсеткені дұрыс болар. Олардың қатарына әдетте кәсіпкерлерді, басқарушыларды (менеджерлер), маркетологтарды тағы сол сияқты табыс үшін жұмыс істейтіндерді жатқызамыз. Ашық нарықтық экономикада іскерлік халықаралық деңгейге міндетті түрде көтеріледі де, іскер адамдардың іс-әрекеттері де күрделенеді.
Қазақстан экономикасының ашықтық көрсеткіші оқулықта көрсетілген нарықтық экономикасы жақсы дамыған елдерден әлде қайда жоғары. Қазақстан іскерлерінің халықаралық бизнеске тартылуы да сол деңгейге шамалас болуы керек. Бірақ ол әлі жоқ нәрсе. Себебі тәжірибеміз де, біліміміз де салыстырмалы түрде әлі жеткіліксіз. АҚШ-ы болса, көп жылдар әлемдік экономикадағы жетекші күш есебінде халықаралық экономикада еркін сауда мен жаһандануды демеп, көп тәжірибе жинаған ел. Олардың оқулықтары да осы кең тәжірибеге сүйеніп жазылған еңбек. Ішкі және сыртқы бизнестің табиғаты бір болғанымен, олардың ерекшеліктері басымырақ. Халықаралық бизнеспен айналысатын іскерлерге тек тіл білу жеткіліксіз. Ол адамның халықаралық экономикалық тәртіптер туралы білімімен қоса қатынас жасайтын елдердің (аймақтардың) мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрпы, діні т.б. көптеген сипаттарынан жеткілікті хабары болу керек. Әдетте біз экономикалық талдауларда оларға көңіл бөлмейміз. Іскерлікте олардың маңызы экономикалық факторлардан артық болмаса, кем емес.
Біз талдап отырған аудармалы оқулықта айтылған мәселелерге көп көңіл аударылған. Мысалы, қазіргі әлемнің ірі аймақтық нарықтар ерекшеліктерінің сипаттамасы әлі де өз құндылығын жойған жоқ. Қысқаша айтқанда бұл оқулық әрбір қазақ тіліндегі іскер адамға қажетті құрал деп қарауға болатын еңбек. Тіптен ол сыртқы бизнеспен айналыспаған күнде де халықаралық ірі компаниялардың іс-әрекетін, шешім қабылдау тәртіптерін, басқа да іскерлік мәселелерін ішкі экономикада да қолдануға болады.
Бірақ бұл оқулықтың басты тұтынушылары экономикалық мамандықтардан білім алушы студенттер мен оларды баулитын оқытушылар. Олардың ішінде бірінші кезекте «әлемдік экономика» мамандығының өкілдері. Ашық нарықтық экономика жағдайында елге халықаралық экономикалық қатынастар мен іскерлікті жақсы білетін мамандар керек. Қазіргі жаһандану заманында халықаралық бизнеспен тек қана ірі компаниялар емес, кіші және орта бизнес те айналысады да, халықаралық бизнес көп тараған мамандықтың бірі болып саналады. Өкінішке орай Қазақстанда бұл салада мамандар дайындау кейбір себептермен үзіліп қалды да, тек 2010 жылы қайта қолға алынды. Сондықтан сапалы оқулықтар мен оқу құралдары әсіресе осы мамандықта тапшы. Біз қарастырып отырған оқулық осы мамандықта негізгі пәндердің бірінің (халықаралық бизнес) өте тапшы болып отырған оқу құралдарының орнын толтырады деп сенімді түрде айтуға болады.
Бұл оқулық үлкен төрт бөліктен тұрады да, тек халықаралық бизнес емес, басқа экономика салаларынан көп мәлімет беріп, әлемдік экономика мамандығының басқа пәндерінде және экономика саласындағы басқа мамандықтарында қосымша оқу құралы есебінде толық қолдануға болады. Мәселен оқулықтың 2-і бөлімі – «халықаралық бизнес орта» деп аталады да, ол қазіргі «халықаралық экономика» деп аталатын пәннің негізгі мәселелерін қарастырады. Қазақстанда бұл пәннен де оқулықтар жеткіліксіз екенін еске алсақ, аталған бөлік осы пәннен де оқытушылар мен оқушыларға үлкен көмек болатыны анық.
Бұл аударма «менеджмент» мамандығына да негізгі оқулық құралы болатыны даусыз. Өйткені оқулықтың бірінші бөлімінен басқасы басқару әдістері мен тәсілдерін халықаралық деңгейде қарастырады. Іскер адамдарға қазіргі заманғы басқару жүйесінің әр салаларынан көптеген құнды мәліметтер береді. Қазіргі кезде ішкі нарық пен сыртқы нарық арасындағы тығыз байланысты еске алсақ, болашақ мамандарға мұндай білімдер артық болмайды. Оқулық «маркетинг» мамандығына да жеткілікті тіреу болар деп айтуға болады. Өйткені қазіргі замандағы халықаралық нарықтар мен олардың ерекшеліктеріне бірінші бөлімі тікелей арналған. Басқаша айтқанда бұл оқулық экономиканың барлық салаларындағы студенттерге пайдалы құрал болып табылады.
Пікір соңында айта кететін тағы бір маңызды мәселе, бұл аударма біздің оқытушыларға оқулықтар мен оқу құралдарын қалай дайындау керек екеніне үлгі есебінде де қаралуы керек. Батыс елдерінде ұзақ мерзімді тәжірибенің негізінде оқулықтар дайындаудың біркелкі үлгілері қалыптасты. Міне біз қарастырып отырған оқулықтың да әр тарауы қысқаша түйіндемелер, бақылау мен талдауға арналған сұрақтар, өмірден алынған мысалдар тағы сол сияқты қосымшалар, тараудың мазмұнын тереңірек түсінуге керекті материалды қамтиды. Оның үстіне бұл еңбекте карталар, сызбалар, кестелер, статистикалық мәліметтер мен олардың көздері сияқты еңбектің мазмұнын нақты көзге елестететін және оны игеруге көмектесетін материалдар да жеткілікті.
Қорыта келгенде Қазақстанның оқулықтар нарығына ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен көптеген оқырмандарды қызықтыратын және оларға өте қажетті де пайдалы, қазіргі заманның талаптарына сәйкес орындалған үлкен еңбек шықты. Бұл еңбек қазақ тілінде сөйлейтін оқырмандарды әлемдік деңгейдегі экономика саласындағы ғылыми жетістіктер мен іскерлік тәжірибемен таныстырып, әлемдік экономикалық білім кеңістігіне енуге жол ашады. Енді осы бағдарламаның жалғасын күтіп, іске сәт тілеймін. Қазақстанның білім кеңістігі әлемдік деңгейдегі оқулықтармен толтырылса, ол елге де, жас буындарға да игі болады деген сенімдемін.
Р. Елемесов, э.ғ.д.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
халықаралық қатынастар мен
әлемдік экономика кафедрасының профессоры