Қазіргі таңда нанотехнологиялар мен наноматериалдар әлемдегі барлық дамыған мемлекеттерде адамзат қызметінің аса маңызды салаларында, атап айтқанда өнеркәсіп, ақпарат саласы, радиоэлектроника, энергетика, көлік тасымалы, биотехнология, медицинада қолданылуда.
Соңғы уақытта, салыстырмалы түрде жақында ғана пайда болған «нанотехнология» термині баршамызға мәлім. Алайда, біздің өркениетімізге оның келешегі соншалықты күрделі екендігін біле отырып, әсіресе, жастар арасында нанотехнологияның негізгі идеяларын кеңінен тарату керек. Жаңа ғылымның аты баршаға белгілі «технология» (грек тілінен techne – өнер, шеберлік, Іоgos – ғылым) деген ұғымның алдына қосымша «нано» деген сөздің қосылғанын оңай байқауға болады. «Нано» сөзі (гректілінен – ергежейлі, гном) – жалпы бір нәрсенің миллиардтан бір бөлігін (10-9) көрсетеді. Мысалы: нанометр – метрдің миллиардтан бір бөлігі. Салыстыру үшін, 1 нм шаштың бір талының қалыңдығынан 100 мың есе аз екендігін айтуға болады.
Нанотехнология –теориялық түсіндірмелердің жиынтығы, практикалық зерттеу әдістері, талдау және синтездеу, сонымен қатар, жеке атомдар мен молекулаларды басқара отырып, белгілі атомдық құрылымы бар өнімдерді өндіру және пайдалану әдістері, іргелі және қолданбалы ғылым мен техниканың арасындағы пән аралық сала болып табылады.
Соңғы бірнеше жылда нанотехнология жоғары технологияның көптеген шешімі жоқ мәселелерін қарастыруда ғана емес, сонымен қатар, XXI ғасыр экономикасының жүйе түзуші факторы да бола алатынын дәлелдеді.
Нанотехнология барлық өндірістік қызметтің жаңа парадигмасының дамуын ынталандыра отырып, өмір сапасын арттырудағы жаңа бетбұрыстардың көзі және постиндустриалды қоғамда көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін береді. Осыған орай, тақырыптар мен объектілердің кең ауқымын қамтитын, мәселен, ғылыми-көпшілік әдебиеттен монографиялы әдебиетке деген қажеттілік туындады. Әзірше мұндай әдебиеттер жеткіліксіз.
Алайда наноғылым мен нанотехнологияның нақты мәселелері бойынша әдебиеттерді шолулар бар болғанымен, қазақ тілінде мұндай әдебиеттер жоқ. Ұсынылып отырған У. Адамс, Л. Уильямстің «Құпиясыз нанотехнология» оқулығының қазақ тіліндегі басылымы қазақстандық оқырмандарға нанотехнология бойынша әдебиеттердің тапшылығын шешуге көмектесетін болады.
Оқулықтың нанотехнологияға деген қызығушылығы бар оқырмандарға – нанотехнологияның іргелі негіздерін түсіну үшін пайдасы өте зор.
Нанометрлік өлшемге келгенде денелердің қасиеттері – электр өткізгіштік, оптикалық сыну коэффиценті, магниттік қасиеттері, беріктілік, термотұрақтылық елеулі өзгереді. Жаңа қасиетті материалдар негізінде күн батареяларының жаңа түрлері, энергия түрлендіргіштер, экологиялық қауіпсіз өнімдер, сезімталдығы жоғары биологиялық датчиктердің шығуы нанотехнологияның қолдану аясының кеңдігін көрсетеді.
Нанотехнологияға кең қызығушылық үш маңызды жағдаймен байланысты:
– Нанотехнология әдістері биотехнология, қоршаған ортаны қорғау, медицина және т.б. салалардың дамуына маңызды жаңа құрылғылар және материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
–Нанотехнология –физика, химия, материалтану, биология, медицина, технология, жер туралы ғылым, компьютерліктехнология, экология, әлеуметтанупәндерін біріктіретін пән.
– Нанотехнология мәселесіншешуғылыми-инженерлік бірлестіктің осы бағытқа назар аударуына әсер етіп, технологиялық және іргелі білімді толықтыруға мүмкіндік береді.
«Құпиясыз нанотехнология»оқулығының ағылшын тілінен қазақ тіліндегі аудармасын химия ғылымдарының докторы, профессор З. А. Мансұров, химия ғылымдарының кандидаттары М. Нәжіпқызы, Б. Қ. Діністанова үлкен жауапкершілікпен даярлаған. Аудармашылар ұжымының бұл еңбегі нанотехнология бойынша қазақ тіліндегі басылымдардың алғашқысы болып отыр.
Аталған оқулықта фуллерендердің ашылуы, наномасштаб, нанотүтікшелер, наноғылымның аспаптары, биология, медицина, қоршаған ортаны қорғау, нанокристалдар, электроника және сенсорлар, коммуникациялар, энергетика, бизнес және инвестиция, наноуыттылық және қоғам, нанооптика және т.б. туралы мәліметтер толық қарастырылған.
Наноқұрылымдар мен нанонысандарды бағалау мен зерттеудің бірқатар заманауи әдістері: электронды және ионды-өрістік микроскопия, оптикалық, рентгенді және магнитті спектроскопия сипатталған.
Оқулықтың мақсаты жалпыға жеткілікті түрде студенттерді, магистранттарды және осы саланы игерген инженерлерді наноғылымның негізгі ойлары, тәсілдерімен таныстыру және техниканың әртүрлі салаларында өңдеу нәтижелерін іске асыру болып табылады.
Жалпы алғанда «Құпиясыз нанотехнология»оқулығының оқырмандар қауымына, физика, химия және материалтанушы мамандарға берер пайдасы зор. Қазақстанда наноматериалдар мен наноэлектроника бойынша мамандар дайындала бастағаннан бері, нанотехнология бойынша қазақ тіліндегі оқулықтар жоқ болғандықтан, оларға деген қажеттілік өте жоғары.
Оқулық химия және химиялық технология факультетінің «6М074000 – Нанотехнология және наноматериалдар» мамандығы бойынша білім алушы магистранттары мен«6D074000 – Нанотехнология және наноматериалдар» мамандығының PhDдокторанттарына, сонымен қатар, осы салада жұмыс істейтін мамандарға, инженерлерге арналған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
химия және химиялық технология
факультетінің деканы, профессор
Е.Қ. Оңғарбаев