• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Бәсекелестік ортада бәсіміз жоғары болсын десек…

17 сәуір 2014

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бәсекеге қабілеттілік, интеграциялық үдерістер төңірегінде брифинг ұйымдастырылып, оған Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов пен «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті Рахман Алшанов қатысты.

Нұрлан Ерімбетов бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты кейбір пікірлердің бар екенін алға тарта келе, былай деді: «Мен бұл жерде мынаны айтар едім: біз бүгінде үлкен бәсекелестік ортаға еніп барамыз. Ал бәсекелі ортаға кіру өзімізге деген талапты күшейтеді, дамуды ынталандырады. Мен Еуразиялық экономикалық одаққа деген көзқарас мәселесіне тек бизнес тұрғысынан, шешім қабылдайтындардың көзқарасы тұрғысынан ғана емес, тұтынушы­лар­дың көзқарасы тұрғысынан тоқталғым келеді. Интеграция, менің ойымша, ұлтты біріктіреді. Егер, бұрын мені еліміздің банк жүйесі, бизнесі соншалықты ойландырмаса, қазіргі таңда бизнес, кәсіпорындар, жұмыс беру­ші­лер мәселелері кәдімгідей алаң­да­тады. Себебі, біз шынымен де бәсекелестік ортаға қадам басып бара жатырмыз. Интеграциядан біздің бизнесімізге ашылатын мүмкіндіктер мол. Бізге жаңа өндірістер, зауыттар мен технологиялар келеді. Осыған орай, кадрмен қамту мәселесі туындайды. Біздің нарығымызға келетін жаңашылдықтармен бәсекеге түсе аламыз ба? Бізді осы мәселе, яғни үлкен нарықта қалай өмір сүретініміз ойландыруы керек. Еуразиялық экономикалық одаққа Дүниежүзілік сауда ұйымына қарай жасайтын алғашқы қадам ретінде де қарауға болады».

Нұрлан Ерімбетовтің сөзін одан әрі жалғастырған Рахман Ал­шанов өз ойын былайша жеткізді: «Ш­ынымен де, соңғы бір айдың ішінде осы мәселе көп талқыға түсуде. «Осы керек пе, керек емес пе?», «Егемендікке нұқсан келтіре ме, жоқ па?» деген тұрғыда сұрақтар туындады. Ол – заңды. Бұған қоса, осы әңгіме төңірегінде өзіміздің ор­нымызды, Қазақстан қай жерде, не­ге қол жеткізді, дүниежүзінде біз­­бен есептесе ме, қалай болады де­ген мәселелер де көтеріліп жатыр. Себебі, біз интеграцияны көп ай­татын, көп талқылайтын болдық. Қа­рап отырсақ, Қазақстан соңғы 80 жыл бойы интеграцияда жүр. Мә­се­лен, біз көмір шығарамыз, те­мір өндіреміз. Алайда, оның бар­лығы сыртқа кетіп жатыр. Өзі­мізде солардың 10 пайызын пайдалансақ, қалған 90 пайыз шикізат шетел асуда. Демек, біз сырттың сұранысына тәуелдіміз», деді.

Оның айтуынша, Қазақстан бүгінгі таңда 184 елмен әріптестік қарым-қатынас орнатқан екен. «Еуропаның Андорра, Монако сияқ­ты кішкентай елдері Қазақ­стан­­мен байланыста. Қазір Па­раг­­­вай, Уругвай секілді елдер елі­міз­ге жылқы етін әкеліп жатыр. Яғ­ни жылқы өсіретін елімізге. Ал Америка тауық етін әкелуде. Бар­­­лығы өз тауарларын өткізгісі келе­ді. Тынық мұхиты елдері де елі­міз­бен әріптестік байланыс жүр­гіз­іп, бізді зерттеп жатыр. Бір ғана Қытай­дың өзінде Қазақстанның кі­ріс-шығыс тауар айналымын ба­қы­лап, зерттейтін 14 ғылыми-зерт­теу институты бар көрінеді. Ал Қазақстанда мұндай орталықтар бар ма? Сондықтан, бізге осындай экономикалық сараптама жүргізіп отыратын зерттеулер керек. Бұл, әрине, өз есебіміздің тү­гел қамтылуы үшін қажет. Осы себеп­ті біз интеграциясыз алға жыл­­жи алмаймыз. Өзіміздегі би­дай­­ды жалғыз тұтынбаймыз, сон­ша көмірді пайдаланбаймыз. Біз­ге сырттан алатын елдер де керек. Міне, бұл интеграцияның бір көрінісі», деді Р. Алшанов. Қа­зір Қазақстан экономикалық қа­рым-қатынастардың ауқымды жүйесіне, әлемдік сауда-саттық нарығына тартылған.

Сондықтан, еліміз мұндай үдерістен, сырт қала алмайды екен. «Әрине, бұл ретте, біз өзіміздің ұстанымымызды өз­герткіміз келеді. Сол арқылы жа­ңа экономиканың тетігін ны­ғайт­қымыз келеді», деді сөзін жал­ғастырған Р.Алшанов. Оның пі­кі­рінше, Қазақстанға сенімді серіктес керек. Ал томаға-тұйық тір­шілік ету ел экономикасын өркен­детуге кедергі келтірмек. «Бір сәт алпауыт мемлекеттердің әлем­дік экономикалық даму көр­сет­кіш­теріне тигізіп отырған ық­пал, әсерлеріне көз тігіп қара­йық. Техника-технологиялық тұр­ғы­дан бағамдайтын болсақ, мұн­дай жа­һандық додада өзара ын­ты­мақ­тастықпен, сенімді серік­тес­термен бірлесе бармасақ, эко­но­микалық көрсеткіштеріміз тұра­лайды. Көр­шілерімен өзара алыс-берістігі мен әлемдік биржадағы баға құбылысын сараптай алатын мамандары бар кез келген елдің есебі түгел болатыны сөзсіз. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпасы» бесенеден белгілі. Тап осындай ұранмен, жарты әлемге билігі жүретін АҚШ та, көрші Қытай мен ірілі-ұсақты Еуропа елдері, Еуроодаққа мүше мемлекеттер мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де өзара ынтымақтасып жатыр. Отыздыққа ену жолында Қазақстанның жеке шауып, дара келмейтіні анық жағдай», деді экономика ғылымдарының докторы.

Брифинг барысында Р.Алшанов инвестицияға сұраныс барын, отандық бизнесте ресурс жеткілікті бола тұра, еліміздің ұдайы шетелдік инвесторларды іздейтінін атап өтті. «Мемлекет басшысы қалыптасқан бизнесмендерге: «Келіңдер, өз эко­но­микамызға, өз банктерімізге үле­сі­мізді қосайық, қорғайық, ұлттық экономикаға инвестиция салыңдар, деді. Аллаға шүкір, біз өсіп келеміз, жақсы жобаларымыз да бар. Біз бизнесті қорғаймыз. Егер, біз өз психологиямызды өзгертсек, онда бізде дамуға ар­налған ішкі ресурс пайда болады», деді ол бұл орайда.

Р.Алшанов, сондай-ақ, бүгінде әлемнің күрделену бағытына қарай бет алғанын, әлемдік сауда-саттықтың мөлшері ұлғайғанын атап өте келе, мұндай жағдайда интеграциялық үдеріске, кез келген бәсекелестікке дайын болу қажеттігіне тоқталды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

egemen.kz

Ілгері Көрушілер саны: 696