• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Қадірлі Қаби Оқаұлы 85 жасқа толуымен құттықтаймыз!

9 қыркүйек 2014

Тұрар Рысқұлов атындағы
Қазақ экономикалық университетінің профессоры,
Халықаралық Еуразия экономикалық академиясының
академигі Қаби ОҚАҰЛЫНА

Қадірлі Қаби Оқаұлы!

Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орындары қауымдастығы бар ғұмырын ұстаздыққа арнап, ізденіс пен таза еңбектің арқасында ғылым көкжиегіне көтерілген Сізді 85 жылдық мерейтойыңызбен жоғары оқу орындарының және осы салада талмай еңбек етіп жүрген ғалымдардың, ұстаздардың атынан шынайы ақ ниетпен жүректен құттықтайды!

Тағылымы мол ғалым, тәлімді ұстаз ретінде Сіз бірнеше буын білімді шәкірттеріңізді тәрбиелеп, тәжірибелі ғалымдарыңыздың өзіндік мектебін қалыптастыра алдыңыз. Сіздің бүгінгі жеткен биік белестеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Сіз терең біліміңіз бен қажыр-қайратыңыздың арқасында ұзақ жылдардан бері Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіндегі ұстаздық қызметіңізді абыроймен атқарып келесіз. Ғылым-білімді өркендетудегі еңбегіңіз лайықты бағасын алып, әр жылдары мемлекеттік деңгейдегі түрлі құрметті атақтар мен марапаттардың иесі атандыңыз. «Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері», «Құрмет белгісі», «Парасат» сынды белді атақтарыңыз бен орден-медальдарыңыз осының дәлелі. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріңіз туған еліңіздің тарапынан да ескеріліп, Сізге Атырау облысы Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» берілді.

Сіз өзіңіздің бойыңыздағы еңбекқорлық, зеректік қасиеттердің арқасында көптеген айтулы ғылыми жобаларды іске асырып, отандық білім жүйесінің оңтайлы реформалануына атсалысып келесіз. Сіздің өнеркәсіп саласындағы ұсыныстарыңыз бен әдістемелеріңіз Қазақстанның машина жасау, түсті металлургия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс салаларында кеңінен қолданылуда. Экономика ғылымдарының докторы ретінде Сіз 200-ден астам ғылыми еңбектер жазып, жиырмаға жуық монография, оқулық кітаптар, оқу құралдарының авторы атандыңыз.

Қадірлі Қаби Оқаұлы!

Бүгінгі мерейлі жасыңызға тағы да ұзақ ғұмыр тілей отырып, жеткен жетістіктеріңіздің бәрін – еңбегіңіздің жанғаны, мақсаттарыңыздың орындалғаны деп білеміз. Сондықтан да, Сізді өзіңізден кейінгі буынға ұлағатты үлгі көрсетіп келе жатқан зиялы тұлғалардың бірі деп бағалаймыз.
Ел үшін жасап келе жатқан еңбектеріңіз әрдайым елеулі, табысты бола берсін! Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Құрметпен,
Қауымдастық президенті Р.Алшанов

Ілгері