«Біз болашақ экономика үшін кадрларды даярлап, сапалы білім беруіміз қажет. Сондықтан да осы саланың бағдарламалары бұдан ары қарай да дамытылады. Орта білім беру құрылымына тоқталатын болсақ, біз президенттің тапсырмасы бойынша бір айдың ішінде жаңа ұсыныстарды енгізуіміз шарт. Ұсыныстар халықаралық талаптарға сәйкестікке қатысты болады. Біз 12 жылдық білім беру жағына қарай жылжитын боламыз. Бұған көшу бағыты 11 жылдық білім плюс 1 жыл мектеп алдындағы дайындық аясында іске асырылады», — деді министр Қазақпаратқа.
Сәрінжіповтың айтуынша, қазіргі кезде мектепке дейінгі даярлық бағдарламасы Қазақстанда 6 жастағы барлық балалардың 95 пайызын қамтып отыр.
«Біз мектеп алдындағы даярлық бағдарламасын жаңартуды жақсарту бағыты бойынша жүретін боламыз», — деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай,Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында білім саласын жаңарту бағдарламасын жалғастыруды тапсырған еді.
Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранттарын бөлудің жаңа моделін әзірлеуді жоспарлап отыр деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Біз мемлекеттік гранттар бөлудің жаңа моделін әзірлеуді жоспарлаудамыз. Онда студенттердің білім деңгейі ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік жағдайы да ескерілетін болады», — деді министр өз баяндамасында.
Оның айтуынша, 2015 жылы жоғары білім беру саласының негізгі мақсаты студенттерді әлеуметтік жағынан қолдауға, еңбек нарығымен байланыста болуға және ЖОО-ларды басқару жүйесін дамытуға бағытталмақ.
Сонымен қатар министр «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізілетін атап өтті.
Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды.
«Болашақ» бағдарламасы қысқартылмайды. Жаңа бюджет қарастырылатын болады. Біз мақсатты дайындық жөнінде ұсыныс енгіземіз, яғни нақты кәсіпорындар үшін. Сондай-ақ машықтану бағдарламасы шеңберінде біз Қазақстанда тілді оқыту мүмкіндігін қарастырамыз. «Болашақ» бағдарламасына қатысушылар тіл курстарынан елде өтетіндіктен ол бізге 1-2 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді Сәрінжіпов министрліктегі алқа мәжілісі алдында.
Оның айтуынша, бұл мақсаттар үшін орталықтар арнайы ашылатын болады.
«Біз халықаралық серіктестермен бірге ол үшін арнайы орталықтар ашамыз. Қатысушыларына қаражат бөлуді қажет етпейтіндіктен ол арзан болады. Оның есебінен қаражатты үнемдей аламыз», — деді Білім және ғылым министрі.




