Педагогикалық мамандықтар бойынша тегін білім берілуі тиіс – ректор
Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау тек ақысыз негізде жүргізілуі тиіс. Бұл туралы бүгін педагогикалық білім бойынша республикалық кеңес отырысында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінен кейін жоғары педагогикалық білімді жаңғырту тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Біз педагогикалық мамандықтар бағдарламасының негізін жасадық, осы бағдарламалар бойынша білім алған түлектер 12 жылдық мектепте жұмыс істейтін болады. Бұл білім бағдарламаларына жаңа оқу пәндері енгізіліп отыр: қазіргі заманғы Қазақстан тарихы, сыни ойлау, арт-білім, компьютерлік ғылымдар, инклюзивтік білім және ұлттық тәрбие», - деді С.Пірәлиев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні білім жүйесінде стандарттар сабақтастығы жоқ. Сондықтан министрлік жанынан барлық деңгейдегі білім үшін бірыңғай стандарттарды қамтамасыз ету үшін жұмыс органын құру ұсынылып отыр.
«Педагогикалық мамандарды дайындау тек мемлекеттік университеттер базасында жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте жылдық жүктеме көлемінің нормативтік тәртібін 500 сағатқа дейін қысқартуға ерекше көңіл бөлу қажет. Жаңа үлгідегі педагогтың әлеуметтік мәртебесін әзірлеу керек. Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау тек ақысыз негізде жүргізілуі тиіс, ақылы оқу болмауы керек», - деп мәлім етті ректор.
Источник: bnews.kz




