Ахметжан Есімов қалалық ұстаздарды кәсіби мейрамымен құттықтады
Бүгін Алматыда мұғалімдер қала әкімімен бейресми форматта кездесті. Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай өткен кездесу барысында ұстаздар қауымы өздерінің шығармашылық жетістіктерімен бөлісті. Қала басшысы Ахметжан Есімов өз кезегінде ұстаздарды мерекесімен құттықтады.
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан. Ұстаз деген сөзде қанша киелі ұғым, жылылық пен ұлағат ұштастырылған. Ұрпақтарды білім теңізіне жетелеген ұстаздардың жөні де, орны да бөлек. Қай кезде болмасын тәлім-тәрбие беру - ең ұлы мұрат. Мұғалімдер күні орны бөлек, дәрежесі биік мереке. Сіздерді мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы айтқандай, біз осы заманғы білім беру жүйесіндегі алысты барлап, кең ойлай білетін мұғалімдерсіз инновациялық экономиканы ешқашан дамыта алмаймыз. Сондықтан, ұстаз ұғымы бүкіл қоғам құрметтейтін қадірі мол кәсіп. Қай уақытта да үлкен үміттің үдесінен шығып, жұмыстарыңызды жемісті жалғастыра бергейсіздер»,- деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда қалалық білім беру саласында 26 мың адам еңбек етуде.
Ахметжан Есімов «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Ә.Қастеев атындағы Бейнелеу өнері және техникалық көркемдеу мектебінің оқытушысы Нышанова Сандуғаш Жораханқызы мен №35 гимназияның орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ярмухамедова Алла Болатқызын марапаттады.
Кездесу ұстаздар қауымының өнерінен сыр шерткен концертке ұласты.
inform.kz




