Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне 70 жыл
Еліміздің іргелі оқу орындарының бірі саналатын университет ауласында «Қазақ аруы» деп аталатын субұрқақ ашылып, жаңа жатақхананың алғашқы іргетасын қалау рәсімі өткізілді. Биіктігі 5 метрден асатын субұрқақ – мүсінші Нұрлан Бұқарбаевтың авторлық жобасы. Мәрмәрдан құйылған қазақ қызының бейнесі ескерткіштің төменгі жағындағы білезік пішінді тұғырына орнатылған. Субұрқақ айналасына қазақ және әлем ойшылдарының даналық сөздері жазылған 12 кітап университетте тәлім-тәрбие алып жүрген аруларымызға ой тастап, өнеге болсын деген ниетпен жасалған. Сондай-ақ Елбасының жатақханалар желісін дамыту тапсырмасына сәйкес, білім ордасына тиесілі жатақханалар қатары толығады. Құрылыс нысаны келесі жылдың жазында тапсырылады деп жоспарланған. Сонымен бірге қоршаған ортаны көгалдандыру мәселесіне ерекше мән беретін университет басшылығы қала әкімшілігімен бірлесіп шырша отырғызды. Мерекелік шараның салтанатты ашылуында сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов білім ордасында оқып жүрген студенттерді, ұстаздар қауымы мен ардагер-мұғалімдерді айтулы күнмен құттықтап, болашақ жар, ана тәрбиелейтін бұл университеттің маңызы, еліміз үшін өте зор екендігін ерекше атап өтті. Концерттік бағдарламада университет мақтанышына айналған халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздарымен қатар елімізге танымал «Дос-Мұқасан», «Гүлдер» ансамбльдерімен сахнаға қатар шыққан 40-жылдық тарихы бар «Айгүл» вокалды-аспапты ансамблінің жаңа құрамы өнер көрсетті.
Динара Нүкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры:
-Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 1944 жылы 15 тамызда соғыс кезінде құрылған болатын. Ауылдық жерлерге педагог-мамандарды дайындайтын университет ретінде құрылған. Кезінде бұл 3 қана факультет болған, 9 ғана мамандық болған. Қазіргі кезде біздің университетте 6 факультет бар, 43 бакалаврда мамандық бар, 22 магистратурада мамандық бар. 4 РНD докторлық мамандарды біз дайындаймыз.




