200 мыңнан астам қазақстандық «БОТА» қорының көмегіне ие болды

17 қыркүйек 2014

«БОТА» Қоғамдық қоры 2014 жылдың соңында өз қызметін аяқтайды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметінен хабарлады.

«БОТА» қоры ҚР әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалары мен жастарының өмір сүру сапасын арттыру жолында алдына қойған мақсатына жетті», - делінген хабарламада. 

Қазақстандық құрылтайшылардың және Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтерінің кеңесі «БОТА» Қоғамдық қорын 2008 жылы құрған болатын. Сол жылдан бері 200 мыңнан астам бала, жастар және аналар қордың үш бағдарламасы бойынша көмек алды. Олар: ақшалай жәрдемақылар, әлеуметтік қызметтерге қолдау көрсету және білім гранттары. Қазақстанның барлық өңірлерінде төленген гранттар мен жәрдемақылардың жалпы мөлшері 12 млрд. теңгеден асты. Бұл 2009 жылы қабылданған жоспардан төрт есе артық.   

Ең үлкен жоба - уағдалы ақшалай жәрдемақылар бағдарламасы 150 000-нан астам адамды қамтыды. Мұнда еліміздің ең кедей алты облысында өмір сүретін 95 000 отбасына 9 млрд. теңге аударылды.

Отбасылар (74 000 астам бала) жәрдемақылар алып, ата-аналарға арналған тренингтерге қатысты. Ал 21 000-нан астам жас азамат жәрдемақылар алып, жұмысқа тұру бойынша тренингтерге қатысты. 50 000 жүкті және бала емізетін ана жәрдем алумен қатар, қан аздықпен күресу жолдарын үйренді. Ал ерекше күтімді қажет ететін балалары бар 8 500 -ден астам ата-ана жәрдемақымен қатар үйде бала бағу жолдарын үйренді.

Әлеуметтік қызметтерге қолдау көрсету бағдаралмасы бойынша 360 коммерциялық емес ұйымға жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгеге 630 грант берілді. Қор балалық шақты қорғау, жастарды жұмысқа орналастыру және ерекше күтімді талап ететін балаларға көмек көрсету бағытындағы жобаларды қаржыландырды. Осы бағдарламаның гранттары арқылы 53 000-нан астам адам қолдауға ие болды.

Ал білім гранттары бағдарламасы бойынша аталмыш қор жастарға колледждерге немесе жоғары оқу орындарына түсулері үшін 841 грант табыс етті. Бұл жерде грант алушылар әлеуметтік мекемелерде волонтерлік жұмыстар атқарулары тиіс болды. Бес жыл ішінде стипендиаттар 100 000 сағат уақыттарын қоғамдық жұмыстарға арнады. Әрбір судент (олардың ішінде 2015 жылдың 200 түлегі мен 2016 жылдың 21 түлегі бар) оқуын тәмамдау үшін қаржылық көмек алды.  

«Мен 2008 жылы қорды құруға көмектескелі бері, талай игі шаралар жүзеге асырылды. Енді «БОТА» қоры жабылғанымен, балалардың, жастардың, коммерциялық емес ұйымдардың игілігіне жұмсалған инвестициялар жыл санап өтеле түседі. «БОТА» Қорының қызметкерлері мен серіктестеріне шын жүректен алғысымды білдіремін» - деді өз сөзінде «БОТА» Қорының қамқоршылық кеңесінің бұрынғы төрағасы Евгений Жовтис.

www.inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 644