Дуалдық жүйе арқылы колледждерге көбірек көңіл бөлінетін болады
Бүкіләлемдік банктің мәліметтеріне қарағанда, дүниедегі 192 елдің тек 16 пайызында ғана экономикалық өсім нақты капиталдың арқасында қамтамасыз етіледі. Ал олардың 20 пайызы табиғи байлықтарымен ерекшеленсе, 64 пайызында өсім адами ресурстардың нәтижесінде қамтылады. Бұдан бөлек, бәсекелестік аясында адами ресурсты дамытуға қатысты соңғы жылдары әлемдік деңгейде ілгерілеушілік бар. Бұндай үрдістен Қазақстан да шет қала алмайды. Оның үстіне елімізде индустрияландыру саясатында табысқа жеткізу мәселесі де ең алдымен адами ресурсқа, соның ішінде техникалық мамандықтардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуге қатысты болмақ.
Тоқтала кететін жайт, қазіргі күні елімізде жоғары оқу орындары студенттері мен техникалық өндірістік оқуды ұйымдастыру қатынасы 50/50 болып отыр. Ал экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш - 40/60. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Н. Назарбаев кәсіптік және техникалық білім беруге үздік әлемдік стандарттарды енгізу қажеттігін атап көрсеткен еді. «Қазіргі қолданыстағы кәсіптік-техникалық білім жүйесін дуалдық оқытуға толық көшіру қажет. Қазақстанда жаңа инфрақұрылымдарды және алдыңғы қатарлы колледждер желісін дамыту орынды. Бұл Білім және ғылым министрлігінің, бүтіндей алғанда, Үкіметтің міндеті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл реформаға белсене қатысып, түлектердің сапасын тәуелсіз бағалау ісін бастағаны жөн», - деген еді Елбасы Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Астана мен Алматыда әлемдік деңгейдегі екі колледж, сонымен қатар, Атырау, Өскемен, Екібастұз бен Шымкент қалаларында төрт өңіраралық орталық салу қолға алынған. Осы колледждер мен өңіраралық орталықтар арқылы әлемнің озық тәжірибелері енгізіліп, техникалық және кәсіби білімнің жаңа жүйесі елдің барлық аймақтарына ұласады. Дәл осы мәселе бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке арқау болған еді.
«Бүгінгі әлем жаңа технологиялық құрылымға бет алып барады, осының өзі техникалық және кәсіби мамандар даярлау жүйесінде заманауи өзгерістерді талап еуде. Ал бүгінгі еңбек нарығы мен білім беру саласындағы орын алған теңсіздіктерге келсек, бұл ретте жұмыс берушілер түлектерді жұмыс жағдайына бейімдеу көп уақыт алатынын, олармен арадағы еңбек өнімділігінің тиімділігі тым төмен екенін алға тартады. Қысқасы, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін бітіргендер өздерінің практикалық дағдысын өндірістегі жұмыс орнына араласқанда ғана жетілдіреді, ал бұл жұмыс берушілердің қоятын талабын еш қанағаттандырмайды», - дейді «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Бұл ретте холдинг басшысы техникалық және кәсіби колледжді бітіргендердің 70 пайызынан астамы, бірден жұмысқа орналаса алмайтынын алға тартады. Бақсақ, бұндай үдеріс тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде проблемаға айналып отыр екен. Осының өзі заманның шапшаң өзгеріп отырғанын айғақтайды емес пе? Сондықтан да, мұндай тез өзгеретін үдерістерге ілесу, мамандар біліктілігін заман ырғағына сай дөп басу бүгінгі техникалық және кәсіптік білім жүйесін дамытумен тікелей байланысты. Ал осы бағытта дуалдық білімді енгізу маңызды рөл атқармақ.
«Дуалдық жүйені құру барысында біздің холдинг үш ірі стратегиялық бағытты жүзеге асырмақ. Біріншісі, біз жаңа деңгейдегі колледждер құратын боламыз. Қазірдің өзінде Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі екі колледж салынып жатыр. Бұдан бөлек, 4 өңіраралық орталықтар құрылады, оның біреуі Атырауда жұмыс істеп те жатыр. Қалған үш орталық Өскемен, Шымкент, Екібастұзда салынып жатыр. Біз әріптестеріміз - шетелдік оқу мекемелерімен бірлесе отырып, бұлардағы оқу бағдарламаларында мүлдем жаңа қадам жасаймыз», - деді Элбдана Сәдуақасова. Оның сөзіне қарағанда, әлемдік деңгейдегі колледждер жанынан туризм мен мейманхана, қонақ үй ісі, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, энергетика, инженерия, дизайн, ақпараттық коммуникациялық технологиялар секілді кәсіби мектептер жұмыс істейтін болады. Ондай мектептер үшін «Кәсіпқор» холдингі басты шетелдік-әріптес мекемелерді де таңдаған. Оларды айқындауда әлемнің 54 оқу мекемелері қатысқан ауқымды конкурс ұйымдастырылып, 6 бағыттағы әріптес-мекемелер анықталған. Осылар арқылы ең озық тәжірибелер енгізілмек. Кейіннен, осындай алты сала бойынша енгізілген тәжірибе республикамыздағы 278 колледжге таралатыны жоспарланады. Колледжде негізгі тіл - ағылшын тілі болып, 3 жыл бойы базалық техникалық мамандықтар бойынша 1530 студент білім алады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қажетті біліктілікті арттыру курстары да ұйымдастырылмақшы.
Айта кетерлігі кәсіптік-техникалық бағыттағы 4 өңіраралық орталық негізінен моносалаларды қамтуымен ерекшеленеді. Мәселен, Атыраудағы орталықта мұнай және газ саласына басымдық берілсе, Өскеменде машина құрылысына, Екібастұзда - энергетика, ал Шымкенттегі өңірлік орталықта - азық-түлік және жеңіл өнеркәсіпке басымдық беріледі.
«2015 жылдың қыркүйегінде елімізде әлемдік деңгейлі колледждер іске қосылады, яғни Астана мен Алматы қалаларында осы колледждерде оқыту басталады. Сонымен қатар, колледждер жанынан құрылатын барлық 6 мектепке де оқушылар қабылдау жүзеге асырылады. Ашылатын колледждердің жалпы жобалық қуаты 3 мың адамнан асады. Ал тұтастай нысандарды толығымен іске қосу 2017 жылға қарай жоспарланып отыр», - дейді «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ Басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Айта кетерлігі, Атыраудағы өңіраралық орталықта қазірдің өзінде 600 оқушы білім алып жатқан көрінеді. Бұл үшін политехникалық колледждерге 12 білім бағдарламасы да әзірленіп, сұранысы жоғары үш жетекші мамандық тізімі айқындалыпты. Дегенмен, холдинг басшысы техникалық және кәсіптік білімді дамытып, оларда дуалдық жүйені енгізуде жұмыс берушілер басты рөл атқаратынын алға тартады. «Өңірлерде әрбір колледжді құру сатыларына барынша мән беретін боламыз. Соның ішінде ең алғашқы күннен бастап, жұмыс берушімен тығыз байланыста болмақпыз. Аймақтар бойынша ең өткір, тапшы әрі сұранысқа ие мамандықтар айқындалып, колледждерде сондай мамандықтар даярлауға басымдық беріледі. Бұдан соң, жұмыс берушілермен бірлесе отырып, олардың колледж бағдарламасына қоятын талаптарын айқындаймыз, мұнымен қоса, жұмыс берушілер өздерінің өндірісінде қолданылатын технологиялық үдерістерін де толық ұсынады. Ең ақыр аяғы жұмыс берушілер әрбір студенттің мамандығына қатысты олардың қандай дағдымен, қаншалықты деңгейде машықтануы тиістігін де тәптіштеп береді. Осыдан кейін ғана біз шетелден әріптестерді таңдап, білім беру үдерісіне кірісеміз», - дейді Эльдана Сәдуақасова.
Тоқтала кететін жайт, дуалдық жүйеге сәйкес, колледж бітірушілердің білімін оқытушылар емес, ендігіде жергілікті жұмыс берушілер бағалайтын болады. «Әлемдік деңгейдегі колледждердің білім беру жүйесіне сәйкес, білім үдерісінде жұмыс берушілер басым рөл атқарады. Мәселен, жұмыс берушімен студенттердің теориялық білім алғаны, ондай білім шеберхана, зертханаларда шыңдалғаны расталады. Бұдан кейін, студенттер сол жұмыс берушілерге өндірістік тәжірибеден өтуге жолданады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер колледждің оқыту бағдарламасы өздерінің сұраныстарын толық қанағаттандыратынын да растайды. Ең ақыры студент оқуын бітіретін кезде, олардың үлгеріміне қатысты қорытынды бағаны колледждер шығармайды, мұнымен жұмыс беруші айналысады. Бұл Қазақстанда алғаш рет қолданылатын тәжірибе», - дейді «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы.
Бұл ретте колледжді бітіретін студенттерге сертификаттар, біліктілік беру мәселесінің бәрі жұмыс берушілерге жүктеліп отыр. Ал мұндай мақсатта тәуелсіз бағалау және біліктілік беру орталықтары арнайы қауымдастықтарды құратын болады. Осылайша, колледж бітіруші түлектің білімін ең алдымен жұмыс берушілер бағалап, оларға біліктілік пен сертификат береді, содан кейін ғана, студенттер колледждік дипломды алады.
«Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасованың айтуынша, мұндай қадам дуалдық білім берудегі ең кем дегенде екі тараптың жауапкершілігін көрсетеді, оның бірі - жұмыс беруші, екіншісі - оқу мекемесі. Бұл ретте әлемдік деңгейдегі колледждерде оқу практикалары, шеберханалар, зертханалар тұтастай оқу үдерісіне бекітіледі. Яғни, студент теориялық білім алып қана қоймай, оны шеберханалар мен зертханалардағы практикада ұштайды. Сосын онда жинақталған тәжірибенің барлығын жұмыс берушінің өндірісіне барып, тереңдетіп, ары қарай өз біліктілігін растайтын болады.
«Әрине, қауіпті өндірістерге, техникалық қауіпсіздікке байланысты бұл күрделі үдеріс екені белгілі. Мұнда студенттерге өндіріске жіберу рұқсаты да талап етіледі. Ал ондай рұқсаттарды студенттер тікелей оқу үдерісіне қатысу арқылы ғана алады. Мәселен, әрбір студент өзі білім алатын үш жыл бойында өндірістегі жұмысқа рұқсат алу үшін білімін сатылап шыңдайтын болады. Жұмыс берушілер де студенттерді тек олар толық жұмыс нормасын орындай алатын жағдайда ғана қабылдайды. Шындығында, жұмыс істей алмаса, жұмыс нормасын біліп, оны орындай алмаса студентті өндірістік тәжірибеге жіберудің қажеті де шамалы. Өйткені, жұмыс берушінің қызметі де нарықпен тығыз байланысты, ешкім де шалағай студенттің кесірінен өндірістегі зиянды шеккісі келмейді», - дейді Э. Сәдуақасова. Түйіндей айтқанда, колледж студенттері жұмыс берушілерге толық дайын болып барады және олар өндірісте өздерінің дағдысын тек тереңдете шыңдай түседі. Ал білім мекемелерімен етене араласқан жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды сол колледждің қабырғасынан-ақ өздері атсалыса отырып, даярлайды деген сөз.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
www.inform.kz




