Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына арналған конференция еліміздегі 250 мектепте өтеді
Алдағы жексенбіде бірінші сынып оқушыларының ата-аналары үшін конференция өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Отбасылық тәрбиелеу институтының директоры Любовь Набитовская мәлім етті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, сондай-ақ аталған институттың ұйымдастыруымен болатын «Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» республикалық конференциясы бір мезгілде еліміздің 17 қаласында 250 мектепте өтеді. Бұл шараға 170 мыңға жуық ата-ана қатысады деп күтілуде.
«Жиын қорытындысы бойынша әрбір ата-анаға жадынамалар таратылады. Онда бірінші сынып оқушылары ата-аналарын қызықтыратын көптеген мәселелер қамтылған. Яғни жадынамада бүлдіршінге көмектесудің түрлі жағдайлары түсінікті беріліп отыр»,-деді Л. Набитовская.
Белгілі болғандай, жиынды 300-ге жуық білікті психологтар өткізеді. Астанада конференция 20-дан астам мектепте ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, жалпы «Бақытты отбасы» жобасы аясында 8-14 қыркүйек аралығында бірқатар акциялар өткізілмек. «Отбасын қолдау апталығы» барысында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында отбасы мәселелері бойынша заңгерлік және психологиялық тегін кеңестер ұйымдастырады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Отбасы күніне орай жалпы республикалық бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарланған.
www.inform.kz




