Қазақ мемлекеттік қыздар университеті түлектерінің арасында 70 үлгілі отбасының көркемсурет көрмесі ашылды
Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар университеті түлектерінің арасында 70 үлгілі отбасының «Әйел - шаңырақ шырақшысы» атты көркемсурет көрмесінің тұсаукесері өтті. Фотоальбом аты аталған 70 түлекке сыйға тартылды. Шара оқу орнының 70 жылдық мерейтойына және 4 қыркүйекте аталып өтіп жатқан «Отбасы күні» мейрамына орай ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Отбасы құндылықтары: тарих және қазіргі заман» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Махаббат Бекбосынова, КСРО және ҚР халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, ҚР ғылым және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нина Каюпова, Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Раушан Сәрсембаева, «Нұр Отан» Қарағанды филиалының бірінші орынбасары, профессор Қадиша Оспанова, сонымен қатар отандық ғалымдар, университет оқытушылары, магистранттар мен докторанттар және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Бүгінгі күні Қазақстандағы өмір сүру деңгейінің жақсаруы, жас және көп балалы отбасылардың, ана мен баланың қорғалуы, бюджеттен еңбекақы алатындардың, оның ішінде көбінесе әйелдер қауымының өкілдері қызмет ететін мұғалімдер мен дәрігерлер еңбекақыларының өсуі - біздің еліміздегі әйелдерді қолдауға жасалып жатқан шаралар. Мемлекет беріктігінің негізі отбасы бірлігінде, ал отбасының беріктігі атадан балаға асыл мұра болып келе жатқан, ұлттық салт-дәстүрмен санаңа сіңетін отбасы құндылықтарын берік сақтауда екендігін баса айтқан болар едім. 2014 жылы 8 ақпан күні Астана ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «ОТБАСЫМ» Ұлттық құндылықтар орталығының тұсаукесері болды. «ОТБАСЫМ» Ұлттық құндылықтар орталығы ұлттық отбасылық құндылықтарды жаңғырту мен насихаттауды, көп ғасырлық ізгі дәстүрі бар қазіргі заманғы қазақстандық отбасының рухани-адамгершілік тәрбиесі мен үйлесімді үлгісін нығайтуды көздейді», - деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Махаббат Бекбосынова.
Ал оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Динар Нөкетаева отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда ЖОО-ның рөлі ерекше екендігін атап өтті. Оның ойынша, ЖОО мен отбасының ынтымақтастығын нығайту «Қазақстан-2050» бағдарламасында көзделген мақсатқа жетуге септігін тигізеді.
«Қазақстан - 2050 Стратегиясы ең алдымен мемлекеттік саясаттың негізі. Сол мемлекет пен отбасының арасындағы байланыстар өмірдің өзіндей өте күрделі, жан-жақты. Оларды халық та өте жақсы түсінеді. Сондықтан бәрімізге белгілі «ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», «отбасы - шағын мемлекет» деген сияқты мақал-мәтелдер баршылық. Осындай байланыстардың арасында білім беру жүйелерінің, соның ішінде жоғары оқу орнының атқаратын қызметі аса ерекше екендігінде сөз жоқ. Әсіресе, 70 жыл бұрын негізі қаланған Қыздар университеті барлық жоғары оқу орындарының ішіндегі отбасы мәселесіне тікелей қатысы бар оқу орны. Егер отбасының тірегі ата болса, оның жүрек жылуы мен жалғасын қамтамасыз ететін ана. Әлемнің көптеген елдерінде қыз балалардың жоғары білім алуы өте өзекті мәселе. Осы мәселені келешекте арнайы және ғылыми тұрғыдан мұқият зерттеу, меніңше, гендерлік саясат тұрғысынан аса өзекті проблема. Қыздар университетін жоғары оқу орны мен отбасы арасындағы байланыстың көрінісі есебінде алып, осы мәселені халықаралық ғылыми зерттеулер тұрғысынан көтеру біздің басты міндетіміз деп есептеймін», - деді Д.Нөкетаева.
www.inform.kz




