Оқу жылы қарсаңындағы бағалар ата-аналарды шошытты
Жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп формасы мен қалам-дәптердің құны әдетінше қымбаттап кетті. Сондықтан 10 күннен соң бүлдіршіндерін сабаққа жіберетін ата-аналар үшін алғашқы қоңырау қымбатқа түспек.
Мәселен, мектеп формасының құны әр өңірлерде 8 мыңнан бастап, 25 мың теңгеге дейін құбылады. Одан өзге қағаз-дәптер мен сызғыш-қарандаштарды алу қажет. Бұл бірнеше баласын мектепте оқытып отырған ата-аналардың қалтасына қатты салмақ түсірмек деп хабарлайды КТК арнасы.
Еліміздегі 250 мың бүлдіршін 10 күннен соң алғашқы қоңырау үнін естіп мектеп табалдырығын аттамақ. Балалар үшін бұл мереке болса, ата-аналарға бас ауру. Себебі оқушыны білім ұясына дайындап, керек-жарағын алуға қыруар қаржы қажет.
"Бір баланы, кітабынан басқа дәптер, қалам, қарындаштарын алғанға 10-15 мың кетейін деп тұр. Біз сияқты орта қол адамдардың қалтасына ауыр болады", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Хасенқызы.
Қалтасындағы барын баласының білімінен аямаған жұрт қыркүйекке аз қалғанда дүкен мен базарларды аралауға қатты кіріскен. Керегін жіпке тізіп, түгендеп қойыпты.
Оқушы киімінің орташа бағамы Алматының ажарлы дүкендерінде 15 мыңнан 25 мың теңге аралығында.
"Мектеп формасының өзі ғана 20-25 мың теңге, ал аяқ киіммен бірге қымбатырақ болады. Қалам-дәптерге 10-15 мың теңге қажет. Толық есептесек, 60 мыңды жаратып, үйге қайтатын сияқтымыз", - дейді басқа қала тұрғыны Бақыт Тұрманова.
Аймақтарда да дәл осындай ахуал. Ақтөбенің орталық базарында тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес. Сұранысқа ие тауар, әрине, мектеп формасы. Тиын-тебенін кішкене болса да үнемдегісі келген жұрт шалғайдағы ауылдардан осында ағылатын көрінеді. Өңірдегі орташа жалақы 50 мың теңгені құрайтынын ескерсек тамыздағы "шопинг" ең қымбат болмақ.
Еліміздің барлық өңірін дерлік киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған барахолканың көп жері сүріліп тасталса да, бұл жақтың саудасын қыздырып жатқандар баршылық. Ал маркетологтар үлкен дүкендерден де небәрі 5 мың теңгеге 36 түрлі құрал-сайманды сатып алуға болады деп отыр.
Осылайша дәптер мен қарындаштан бастап мектеп формасын қоса есептегенде бір баланы дайындау үшін Алматы, Астана, Қостанай және Қызылжар тұрғындары 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін шығындалады. Павлодар, Ақтөбе, Семей және атыраулықтар оқушыны керек-жарақ дүниемен қамтамасыз ету үшін шамамен 30-50 мың теңге аралығында ақша жұмсамақ.
Ал бірінші қоңырау қалтасын ең аз қағатын өңірлер қатарында Шымкент, Қызылорда және Орал аталуда. Олар небәрі 25 мыңға баласын сабаққа қамдай алады екен. Бірақ бұл бағалардың тек аймақтар бойынша ғана емес, отбасының әлеуметтік жағдайына қарай құбылатыны сөзсіз.
news.nur.kz




