Өңірде апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі - Н.Ноғаев, БҚО әкімі
Батыс Қазақстан облысында үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесі шешілді. Енді жыл аяғына дейін апаттық жағдайдағы мектептер де жойылады.
Бұл туралы 18 тамыз күні облыстық қазақ драма театрында «Білім берудің инновациялық стратегиясы - мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыпта өткен өңір білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, облыста алты апаттық жағдайдағы мектеп болса, соның төртеуі жаңадан салынуда, екеуі күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы, бой көтеріп, қайта жөнделіп жатқан басқа да білім ошақтары баршылық.
Елбасының білім беру саласын одан әрі жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл облыс мектептерін 4375 түлек бітірсе, соның 3307-сі ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл 81,25-ті құрады, бұл республикалық көрсеткіштен жоғары. 112 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 47-сі ерекше аттестатты иеленді. Мұның сыртында Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген 46 шәкірт және бар. Биыл жазғы демалыс лагерьлерінде 75 мың оқушы тынықты, бұл - облыс шәкірттерінің 91 пайызы. Қазіргі кезде білім беру саласының бюджеті 39,9 млрд. теңгеге жетті, бұл - өңір бюджетінің 33 пайызы. Соңғы үш жылда сала бюджеті 2,2 млрд. теңгеге өсті. Басқа салаға мұндай қаржы бөлінген емес.
«Сабақ берудің дәстүрлі әдістерін қолдана отырып, сонымен бірге жаңа технологияларды да тиімді енгізіп, пайдалана білген жөн. Өңірде жоғары білікті кадр жетіспеушілігі байқалады. Бұл ретте «Дипломмен - ауылға» бағдарламасына сәйкес ауыл мектептерін жас мамандармен қамтуды жалғастыру керек. Және олардың білімі қазіргі заманға сай болуы қажет. Білім саласындағы мәселелерге барлық деңгейдегі әкімдер тұрақты назар аударып, мүмкіндігіне қарай шешіп отыруы тиіс. Ең бастысы, жеткіншек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ешқашан да күн тәртібінен түспек емес. Бұған ұстаз да, ата-ана да жауапты», деді әкім.
Кеңеске қатысқан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Жанбол Жылбаев та саладағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Соның ішінде облыстың бірқатар аудандарында ҰБТ көрсеткіші көңіл көншітпейтіні, сондықтан оған дайындықты жетілдіру, жасөспірімдер арасында шылым шегу, спирттік ішімдік ішу, қылмыс жасаудың өсіп келе жатқаны айтылды. Кеңесте өзге де ұсыныс-пікірлер, ұстаздар тәжірибесі ортаға салынды.
www.inform.kz




