Талапкерлер неге талапты орындамайды?
ҰБТ-ның бірінші күні түлектерден 6 мың телефон мен 2 рация табылды. Кеше ҰБТ тапсырудың бірінші күні өтті. Алғашқы күннің сынағынан сүрінгендердің саны 6233 адам болды. Олар минималды қажетті деңгейден өте алмады.
Ал 100-ден жоғары нәтиже көрсеткендердің саны 3797 болды. Алматыдағы №178 лицейдің түлегі Әбдіжаппар Айғаным Бақытқызы Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы 125 баллды жинады. Ол тестілеуді Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының базасындағы ҰБТӨП-те тапсырған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығынан хабарлады.
Ұлттық тестілеу орталығының мәлімдеуінше, ағымдағы жылы қорытынды аттестаттауды ҰБТ түрінде тапсыруға 92 086 бітіруші тілек білдірді. Оның ішінде 63 606-сы қазақ тілінде және 28 480-і орыс тілінде тапсырады. Айта кетейік, 2 маусым күні тестілеуге 26 147 бітіруші қатысты, оны қазақ тілінде - 18 417, орыс тілінде - 7 730 түлек тапсырды. Тестілеу ҰБТ өткізу пунктінің 61 базасында өтті.
"Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер аудиториядан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған", - деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен - ҚазАқпарат.
tonykok.kz




