1 қыркүйек қарсаңында ШҚО-да 15 жаңа білім беру мекемесі ашылады

8 қазан 2014

Шығыс Қазақстанда  58 білім беру мекемесінің құрылысы жүруде, оның 45-ін ағымдағы жылы іске қосу көзделген.  Бірінші қыркүйек қарсаңында 14 мектеп пен 1 балабақша ашылмақ. 1 қазанға дейін тағы 2 мектепті пайдалануға беру көзделген, деп хабарлады сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Түленбергенов.

Бұл туралы облыс әкімінің ақпарат орталығынан хабарланды. Ағымдағы жылы ШҚО-да 58 білім беру мекемесі салынуда, оның 45-ін биыл іске қосу жоспарланған.

Сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Түленбергеновтің айтуынша, жаңа оқу жылында 17 нысан қолданысқа беріледі. Білім күні қарсаңында 15 жаңа білім беру мекемесі ашылады. Олардың қатарына 80 орынға шақталған Аягөз ауданы Бидайық ауылындағы, Күршім ауданының Жаңа ауыл, Шеңгелді, Қойтас ауылдарындағы, Тарбағатай ауданындағы Бозша, Жамбыл және Қарасу ауылдарындағы, Ұлан ауданының Новo-Канайка, Украинка, Привольное және Алғабас ауылдарындағы, Шемонаиха ауданының Пруггерово, Медведка, Октябрьское ауылдарындағы мектептер, сондай-ақ Зайсан қаласындағы 600 орынға шақталған мектеп-интернат пен 140 орындық балабақша кіреді.

1 қазанда Ұлан ауданы Айтықов ауылындағы және Күршім ауданындағы Ақсуат ауылының жаңа мектептері оқушылар үшін есігін айқара ашады.

Сонымен бірге, С. Түленбергеновтың сөзіне қарағанда, 8 нысанның мәселесі әлі де шешілетіндердің қатарында.  Бұл - 6 мектеп пен 2 балабақша. Олардың құрылысын аяқтау үшін қосымша мердігерлер тартылады немесе бас мердігердің мәселесі шешіледі.

«Бүгінде қатаң бақылау жүргізілуде, апта сайын жұмыс орнынан фотоесептер жіберілуде. Сол жерге шықпай-ақ барлығын білеміз. Құрылыста 15 адам жұмыс істесе, ол уақтылы тапсырылмайды, егер жұмыс күші 80-90 адамды құраса, онда материалдар мен өзге жайттарды да тексеру қажет.  Облыс әкімінің тапсырмасымен әрбір құрылыс ұйымын бақылаймыз. Олар облыстағы қанша нысанның құрылысымен айналысып жатқанын, жүктелген міндетті орындауға қауқарлы ма екенін тексереді», - деді облыстық басқарманың басшысы.

www.inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 653