«Мектепке жол» акциясы аясында 9,5 мың павлодарлық оқушы материалдық қолдау көреді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Мектепке жол» акциясы аясында Павлодар облысының 9,5 мың оқушысы 86,6 млн.теңге көлемінде материалдық көмек алады. Дәстүр бойынша акция 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды білім басқармасы.
Биыл акция «Балаларға бақыт сыйла!» деген ұранмен өтуде. Шараның мақсаты көпбалалы және тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларға, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге көмектесу болып табылады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қорлан Құсбекованың айтуынша, Павлодарда тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген отбасылардың мектеп жасындағы балалары да назардан тыс қалмайды.
«Біздің ұстаным - 1 қыркүйек күні барлық мектеп жасындағы балалар мектеп партасына отыруы тиіс. Ал көмекке мұқтаж балаларға, олардың саны шамамен 3 мыңға жетіп жығалады, киім, аяқ киім, мектеп құралдары сияқты заттар сыйлыққа беріледі», - деп атап өтті ол.
Білім басқармасында атап өткендей, жыл сайын бұл шараға жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар, қалалық және ауылдық кәсіпкерлер белсене қатысады.
Тамыз айы бойы қалалар мен аудандарда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда кәсіпкерлер мектепке қажетті бұйымдарды арзан бағамен сатылымға шығарады.
www.inform.kz




