«Мектепке жол» шарасы аясында балдырғандар оқуға қажетті құралдармен қамтылды - СҚО
ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қорғалмаған отбасыларда 8 мыңнан астам бала бар. Республикалық «Мектепке жол» акциясының аясында оларға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамту түрінде көмек көрсетілді.
Аз қамтылған отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған отбасылардан шыққан балалар да мұндай жәрдемнен құр қалған жоқ. Ол үшін қордан 200 мың теңге бөлінді.
Алғашқылардың бірі болып Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектептің оқушылары осындай көмекке қол жеткізді.
«Біздің мектебімізде көп балалы отбасылардан 8 бала, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 4 бала және аз қамтылған отбасылардан 13 бала оқиды. Біз оларға рюкзактар мен канцеляриялық заттарды табыс еттік. Мен бұл мемлекет тарапынан осындай балаларға көрсетіліп отырған зор жәрдем деп білемін», - дейді аталмыш мектептің әлеуметтік педагогы Жадыра Қоспаева.
Айта кетейік, аталмыш акция қолға алынған 2007 жылдан бері 50 мыңнан астам бала көмек алған, ол үшін жалпы сомасы 208 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
www.inform.kz




