Алматылық түлектер лимузин жалдап, қызыл кілемге тапсырыс берген
Елімізде мектеп бітірушілердің қоштасу кеші өтті. Білім ордаларында 11 жылда алған білімін сәтті ақтап шыққан түлектерге салтанатты түрде аттестат табыс ету рәсімі өтіп кетті. Ресми қорытынды бойынша, биыл мектепті 143 мың оқушы тәмамдаса, соның мың 824-і төсіне "Алтын белгі" таққандар екен. Ал аттестат бір күнде табыс етілгенімен, оны тойлау бір аптаға жалғаспақ деп хабарлайды КТК арнасы. Сәнді смокинг пен әдемі көйлек – бұл бітіру кешіне әзірліктің бірі. Мәселен, алматылық Анна Клименко әрқайсысын 50 мың теңгеден екі көйлек алған. 123 балл жинаған қызының еркелігін жақындары да көтерген.
"Осы көйлекті дүкеннен, ғаламтордан қарап жүріп әрең таптым. Оның үстіне бір емес, екі көйлек алу керек болды. Біреуін ресми салтанатқа кисем, екіншісі сауыққа киемін. Қазір барлығы да сөйтеді", - дейді түлек.
Киімнен өзге салонға барып, әрлену жағы мен қымбат кортеж жалдау жағы да қалыс қалмауы тиіс мұндайда. Бұл түлектер үшін заңдылық іспеттес құбылысқа айналғалы қашан.
"Салонда 24-не дейін лимузин қалмады. Барлығын түлектер жалға алып отыр. Әрине, біздің табысымыз артатын шақ. Ең арзаны - сағатына 100 доллар. Ал мынадай "Хаммер" кортежі 300 долларға дейін барады", - дейді лимузин салонының директоры Зинаида Ахриева.
Жастардың қалауы мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, биыл бір алматылық мектеп кештің қызыл кілем жайылған Голливуд рәсімінде өтуіне тапсырыс беріпті.
Мереке ұйымдастыру агенттігінің директоры Николай Никитин: "Біз кештің бірін "Оскар" стилінде өткізгелі отырмыз. Әрине, ұйымдастыру ауқымына қарай бағасы да қымбат. Мәселен, 1 мыңнан 5 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Былтырғы түлектер Қапшағайда бір тәулікке үлкен кеме жалдап өткізіп еді. Ол да қымбатқа шықты", - дейді.
Әрине, қалтасы таяздау ата-ана осынша шығынға қынжылады. Бірақ кім баласын қатарынан қалдырғысы келеді. Іздеп жүріп, қалағанын тауып беруге бәрі де әзір. Бітіру кешінің мұншалықты шабылып өтуін мамандар ата-ананың қалауына қалдыруда. Яғни аттестат алған соң оқушының әрекетіне мектеп ұжымы жауапты емес. Десе де түлек үшін ең бастысы - Жоғарғы оқу орнына түсу. Әрине, егер белгіленген межеге сай баллын жинаса. Биыл ел көлемінде 143 мың оқушы мектеп бітірсе, соның 87 мыңы тест тапсырды. Бірақ 20 мыңы құлағандар санатында. Ал 4 түлек 125 балл жинап, озық шықса, 1800-і "Алтын белгіге" лайық екенін дәлелдеген.
news.nur.kz




