Мектеп оқу озаттары «Қазақстан» ТРК тыныс-тіршілігімен танысты

17 маусым 2014

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маусымның 14-і мен 15-і күндері Қостанай облысына қарасты Лисаковск қаласының №4 орта мектебінің бір топ оқушылары Астана қаласына саяхат жасады. Олар - жыл бойы оқуда, спортта үздік көрсеткіштерімен, мектеп өміріне белсенді қатысып, көзге түскен 500-ден астам оқушының арасынан іріктелініп алынған 5-10 сынып аралығындағы 28 озат оқушы. Бұл туралы «Қазақстан» ұлттық телерадио коррпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш мектеп басшысы мен ҚР индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, көп жылдар бойы Лисаковск қаласында жауапты орындарда қызмет атқарған Альберт Раудың келісімі бойынша, осымен төртінші жыл бойы оқу үлгерімі үлгілі мектеп оқушылары Астана қаласына саяхат жасап, серуендеп, көңіл көтеріп қайтуға мүмкіндік алып отыр.

Екі күн ішінде мектеп белсенділері елордланың көрікті және сәулетті жерлерін, ғимараттарды аралап көріп, туған жерлеріне кәдімгідей әсер алып қайтты.

Олар Тұңғыш Президент мұражайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Думан» ойын-сауық кешенінде, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде, Тәуелсіздік сарайында, «Хан» шатыр сауда ойын-сауық орталығында, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде болып қайтты.

Сонымен қатар, жасөспірімдер осымен екінші рет Қазмедиа орталығында болып, «Қазақстан» Ұлттық телерадио корпорациясының тыныс-тіршілігімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Олар тікелей эфирге шығатын жаңалықтар, бағдарламалар студиясында болып, тілшілердің жұмыс істейтін орнымен танысты. Бір қызығы сол, Лисаковск қаласындағы орта білім беретін 6 мекеменің біреуінде ғана, яғни осы №4 орта мектепте бірнеше жыл қатарынан ақпараттар және бағдарламалар әзірлейтін шағын студия жұмыс істейді. Онда жасалатын бейнематериалдардың сапасының жоғарылығы сонша, көптеген облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленген. Сол себептен де, елімізге танымал «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жұмысымен танысу студияда еңбектенетін жас тілшілер, операторлар, режиссерлер үшін өте қызықты, әсерлі де пайдалы болғанын оқушылар мен олардың топ жетекшілері де жасырған жоқ.

www.inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 737