ҰБТ биыл тағы жанжалмен басталды
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биылғы сынаққа қатысуға 92 мыңнан астам түлек ниет білдірген. Білім сынағы маусымның 8-не дейін өтеді.
Оған жауапты Білім министрлігі мағынасыз сауалдарды алып тастап, қосымша 14 мың сауал енгіздік деп отыр. Ал сұрақтар өте құпия ұсталса да, олардың суреті әлеуметтік желілерде жариялануда. Түлектердің біраз қулығы да әшкере болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Талапкерлер тестке кірмес бұрын тыңғылықты тексеруден өтті. Бұл "шпаргалка" немесе байланыс құралдарын аудиторияға жібермеудің амалы.
Жалпы сынақтың алғашқы күні 28 мың түлек тест тапсырды. Ал маусымның 8-не дейін жалғасатын емтиханға биыл 92 077 оқушы ниет білдіріпті. Олардың 4490-ының "Алтын белгіден" үміті бар. Сондай-ақ министрлік өкілдері ҰБТ 2015 жылы алынып тасталады деген ақпаратты жоққа шығарды. Тек сынақ екі кезеңге бөлініп, Ұлттық тестілеу және кешенді тестілеу жүргізілмекші.
"Білім беру жүйесінің 2020 жылға дейінгі бағдарламасында 2015 жылдан кейін осы мектепті бітіру және қабылдау емтихандарына өзгеріс енгізу қажет деген. Бұл мәселені қазір арнайы комиссия талқылап жатыр. 2016 жылдан бастап енетін болса, нәтижесін айтамыз", - деді Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев.
Тек ҰБТ биыл да ың-шыңсыз бастала қойған жоқ. Еліміздің барлық өңірлерінде сағат тілі таңғы 9-ды көрсеткенде сынақ басталса, атыраулық талапкерлер бұл уақытта аудиторияға кіре алмады.
Олар 3 сағаттан кейін ғана қолдарына қалам алып, жауап беруге кіріскен. Бұның себебі түлектердің өздерімен бірге тыйым салынған заттарды көптеп алып келуінде. Бірақ ата-аналар мамандардың тыңғылықты тексерісіне наразылық танытып, шу шығарды.
"Сағат 11-ге 15 минут калды, балдар әлі кірген жоқ. Мынадан кейін бала қалай ҰБТ-ны қалай тапсырады? Өзінің ойын жинақтай алмайды, түнімен ұйықтаған жоқ. Ауданнан алып келді бізді мында. Әрі мына жерге әкеліп 5 сағат тұрғызу деген масқара ғой!", - деп шағымданды талапкердің анасы.
Ал Алматыда сынақ тапсырғандардың ата-аналары сыртта қаумалап, ұл-қыздарының болашығын ойлап алаңдауда. Олар үшін арнайы монитор орнатылып, онлайн режимде барлығы көрсетілген. Қан қысымы көтеріліп, өзін жайсыз сезінгендерге жедел-жәрдем де табылды. Ал 3 жарым сағатта 125 сұрақтың жауабын тапқандарды ата-ана мен ағайын-бауыр қошеметпен қарсы алды.
Айта кетерлігі, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру ісіне өзгеріс енгізілмеген. Мектеп бітіруші бұрынғыдай кемінде 50-ден жоғары ұпай жинауы тиіс. Ал Ұлттық университетке түсу үшін бұл көрсеткіш 70-тен асуы қажет. Алғашқы күннің қорытындысы бүгін кешке жарияланып, ертең апелляциялық комиссиялар үшін қызу жұмыс басталмақ.
news.nur.kz




