Еуразиялық Одаққа мүше елдердің дипломдары үш ел ішінде мойындалады

30 мамыр 2014

Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің дипломдары үш ел ішінде мойындалады.

Бұл мәселеге бүгін шетелдік сарапшы-саясаткерлердің ЕАЭО құру туралы Шарт жөніндегі Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде РҒА Экономика институты Посткеңестік зерттеулер орталығы, Посткеңестік елдердің экономикалық дамуы секторының жетекшісі Елена Кузьмина толығырақ баяндады.
"ЕЭО-тың жастарға берері жайлы көп айтылып жатыр. Кеше қол қойылған келісімшартта Одаққа мүше елдердiң дипломдары өзара мойындалады делiнген. Әрине, педагогикалық және медициналық мамандықтарды есепке алмағанда. Мен ел аралап көп жүремін. Және Ресейдiң шекаралық аймақтарында бiлiм алып жатқан қазақтар көп екенін де білемін. Мысалы, Астрахандағы барлық институттарда қазақ тiлiндегi топтар бар. Омбыда бiрнеше ЖОО-да қазақ тiлiнде оқытады. Екатеринбургтегі Федералды Университетте де қазақ тілі топтары бар. Барлығы жастар үшiн жасалып жатыр. Одаққа мүше болған соң, ары қарай жұмыс қыза түседі. Бұл тек, қағаз жүзiнде қалмауы керек. Ал одақ жұмысын ары қарай дамытатын да осы - жастар", - дедi ол.
Еске сала кетейік, 29 мамыр күні Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің басшылары ЕЭО келісімшартына салтанатты түрде қол қойды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Келісім толықтай күшіне енеді деп күтілуде.


news.nur.kz

Ілгері Көрушілер саны: 606