Астанада ҰБТ өткізілетін орындар анықталды

27 мамыр 2014

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 маусымда елордада түлектердің басым бөлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Астана қаласында ҰБТ 2, 4, 6 маусым күндері өтеді, ал апелляциялық шағым түсіргісі келетіндер мамандар көмегіне 3, 5, 7 маусым күндері жүгіне алады. Бұл туралы Білім басқармасынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.
ҰБТ таңғы сағат 9.00-де басталады. Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға бөлінетін уақыт - 3,5 сағат. Нәтижелері тапсырылған күні кешкі сағат 18.00-ден кейін белгілі болады.

Еске салайық, тест тапсырудың форматы өзгерген жоқ, ЖОО-ға түсу үшін ең төменгі көрсеткіш - 50 балл, ұлттық жоғарғы оқу орындары үшін 70 баллды құрап отыр.

Астанада ҰБТ өтетін үш орын анықталды. Олар - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1750 оқушы), ҚазМЗУ (781 оқушы) және С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ (1 057 оқушы).

Айта кетейік, биыл Астанада 4 042 оқушы мектеп бітіреді. Соның ішінде 88,7 пайызы, яғни 3588 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерінің сапасын сынайды. Олардың 1777-сі - қазақ тілінде, 1811-і орыс тілінде тест тапсырмақ. Ал қалған 454 оқушы (11,2%) - алыс және жақын шетелдердің оқу орындарына түсетіндер мемлекеттік емтихан тапсырады.

Сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына қатысқандар Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады. Олардың саны ҚР БҒМ бұйрығы шыққан соң белгілі болады, әзірге олар ҰБТ тапсыратын оқушылар базасына еніп отыр.

www.inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 595