Қарағанды облысында ҰБТ пункттеріне ұялы байланысты бәсеңдеткіштер орнатылды
Қарағанды облысында биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін орындарда орнатылатын ұялы байланыс бәсеңдеткіштерінің саны көбейеді. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов хабарлады.
«ҰБТ пункттерінде 202 бейнекамера орнатылды. Алты пунктте күту залындағы монитордан өтіп жатқан ҰБТ тікелей көрсетілетін болады. Ұялы байланысты бәсңдеткіштердің саны 79-дан 82-ге ұлғайтылды. 13 ҰБТ пунктінде қолдық металл іздестіргіштердің орнына металл іздегіш кіреберіс есіктер орнатылады», - деді облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте басқарма басшысы.
Ведомствоның хабарлауынша, биылғы жылы облыста 7360 мектеп түлегінің 5 281-і (71,8 пайызы) ҰБТ тапсыруға тілек білдірген. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл 1,6 пайызға көп. Қалған түлектер 31 мамырдан бастап 20 маусымға дейін мемлекеттік емтихандар тапсырады.
Айта кетейік, ҰБТ өңірде 2-6 маусым аралығында 5 бөлікпен өтеді. Оны өткізу үшін 14 пункт ұйымдастырылды: оның 5-уі - ЖОО-да, 9-ы - жалпы білім беру мектептерінде.
«Түлектердің жалпы санынан «Алтын белгіге» - 222, үздік аттестатқа - 121 үміткер бар», - деді А.Аймағамбетов.
Ол сондай-ақ облыстың барлық аудандары мен қалаларында ҰБТ ұйымдастыру және өткізуге жәрдемдесетін комиссия құрылғанын жеткізді. Бұл комиссия тестілеу пунктіне түлектердің жеткізілуіне, олардың қауіпсіздігіне, ҰБТ тапсыру уақытында тұратын орындардағы тәртіпке, тамақтанудың ұйымдастырылуына, медициналық қызмет көрсетуге жауап береді.
inform.kz




