Вице-министр ЖОО басшыларының кеселден айықпағанын бетіне басты
Жоғарғы оқу орындарының ректорлары университеттегі жағдайды жете білмейді, немесе жеке бас пайдасы үшін жемқорлық деректеріне әдейі көз жұма қараған.
Соның салдарынан сыбайластыққа қарсы шаралар нәтиже бермей жатыр. Жүзге жуық жоғары оқу орындарының жетекшілерін тегіс шақыртып, Астанаға жинаған Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев осылай турасын айтты.
Оқуға қабылдау, сессия кездерінде бармақ басты, көз қысты әрекеттер тіптен ушығып кетеді. Осылай ректорларға ескерту жасаған вице-министр өз қол астындағылардың да осы кеселден толық айықпағанын айтты.
Әсірсе жоғарғы оқу орындарын аттестациялау мен ғылыми атақтарды беру кезінде таныс-біліс іздеп, жең ұшынан жалғасу деректері жиі кездеседі. Ал жоғарғы оқу ордасындағы жемқорлықтың жайылғаны сонша, қазір студенттің 1 сессияда сынақ тапсыруы үшін шамамен 50 мың теңге керек.
Осылай жоғарғы оқу ордаларындағы параның көлеңкелі айналымы жылына 100 миллион доллардан асып кеткен. Жауапты басшылар "Таза сессия" шараларын жалғастыруды көздеп отыр.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаевтың мәлімдеуінше, келесі оқу жылынан бастап, барлық оқу орындарында дерлік диантология деген сабақ арқылы жаңа маманға коррупцияға қарсы болуы және өзінің этикалық көзқарастарының қандайы болуы керек туралы арнайы сабақтар өткізілмек.
news.nur.kz




