Астана мен Алматыда халал стандартына жауап беретін балабақшалар ашылуда

24 сәуір 2014

Астана мен Алматыда халал өніммен тамақтандыратын балабақшалар ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Оларда аптасына бір рет араб тілі мен ислам сабақтары оқытылады.

Халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, Астанада ас мәзіріне тек қана халал өнімдер кіретін екі балабақша бар.

"Әрине, халал мен халал еместі таңдау керек болса, мен халалды таңдаймын. Алматыда да сондай балабақша бар, әзірше ол жалғыз. Республиканың басқа қалаларында әзірше халал балабақшалар жоқ", - дейді ол.

Сондай-ақ Марат Сәрсенбаев, халал стандартын ұстанатын балабақшалардың көптеп ашылуы кәсіпкерлер үшін таза әрі қауіпсіз өнімдерді өндіруге себеп болатынына сенімді.

Ал Тағамтану академиясы кішкентай балалар тиісті деңгейде тамақтануы керек деп есептейді.

"Бұл, әрине, дұрыс емес. Олар артық кетіп жатыр, діни сипат ала бастады. Дәрумендер, май мен тағы басқалардың белгілі бір нормасын есепке алғанда, балалар өз жасының қажеттілігіне қарай тамақтануы керек. Халал өнімдер осы стандартқа сай болып жатса, бөлек әңгіме", -  дейді Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Ол сегіз жасқа дейінгі балаларға халал өнімдерді тұтынбағаны жөн деген кеңес берді.

Бірінші "өнімдердегі микроэлементтерді, ақуыз, май мен көмірсу мөлшерін ғылыми тұрғыдан тексерген дұрыс" деген пікірде академик.

Академия президенті балаларға қымыз бен шұбат беруді де құптамады, себебі  бұл ұлттық сусындардың құрамында аз мөлшерде алкоголь бар.

news.nur.kz

Ілгері Көрушілер саны: 631