«Болашақ» бағдарламасымен шет елге оқуға жіберілетіндерге мемлекеттік тілді білу межесін 100 пайызға көтеру керек пе?

19 наурыз 2014

Кеше ғана Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының міндетін атқарушы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өткен болатын. Онда «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды. Отырыста қабылданған шешімге сәйкес 2014 жылдан бастап магистратурада оқу және тағылымдамадан өту үшін шет тілін білудің қажетті бастапқы деңгейі IELTS 9.0 баллдан – 3.0-ден 4.0. баллға дейін, ал резидентура, докторантурада оқуға – 5.0 баллға дейін ұлғайтылған. Мемлекеттік тілді білу жөніндегі барлық санаттағы үміткерлерге ең төменгі талаптар да арттырылған болатын. Әрине бұл мәселеге қатысты қоғамда әдеттегідей екіұшты пікір қалыптасатыны алдын ала белгілі болған еді. Сондықтан «Алаш айнасы» интернет-газеті «Болашақ» бағдарламасымен шет елге оқуға жіберілетіндерге мемлекеттік тілді білу межесін 100 пайызға көтеру керек пе?» деген сауалды ой-талқыға салып көрді. 



ИӘ

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы:

– Орынды көтеріліп отырған шаруа бұл. Мұндай талапты біз тек болашақтықтар алдында ғана емес, сондай-ақ, түрлі ұзақ және қысқа мерзімді курстарда оқитындарға да қоюымыз керек. Шет елге қазақ тілін шала білген қалпы оқуға кеткен балалар елге оралған шағында қазақ тілінен гөрі, өздері үйренген ағылшын, неміс, француз бен қытай тілін, одан қала берді орыс тілін насихаттауға кірісетіні сөзсіз. Және біз ол талапты тиісті заңдарға да енгізуміз керек. Біз неге қазақтың ақшасын қазақтың болашағын ойламайтындарға жұмсауымыз керек. Бұл мәселені 5-6 жыл бұрын біз де көтерген болатынбыз. Онда жағдай жеке өз басымнан да өткен еді. 1994 жылы АҚШ елшілігі Қазақстандағы бір топ белсендіні саясат тақырыбында ұзақ мерзімді арнайы курстан өтуге шақырды. Және қажетті қаражатты бөлді де. Сол кезде америкада білімін жетілдіріп келген бірнеше ұлты орыс мамандар Қазақстанда бір айға тұрақтамастан Ресейге көшіп кетті. Сосын мен елшілікке қайта байланысқа шығып, бұдан былай мұндай курстарға тек қазақтарды немесе қазақ тілінде таза сөйлейтіндерді алу керектігін айтып, талап қойғаным есімде. Ал кешегі комиссия отырысында қабылданған шешімдердің өзін әлі де болса жетілдіре түсу керек секілді. Онда ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша бұдан былай шет елдерде оқуға жіберілетіндердің мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші 150 баллдан 85-ке дейін көтеріледі деудің өзі ұят қой. Сонда болашақтықтар бұған дейін міндетті 150 сұрақтың тек 50-60-на ғана жауап беріп, өтіп кетіп отырған ба?. 

 



ЖОҚ

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

– Бұл мәселені дәл бүгін көтерудің еш қажеті жоқ. Сіз айтқан талап алда-жалда қабылданып кететін болса, онда болашағын қазақ елімен байланыстырғысы келген көптеген диаспора өкілдерінің Қазақстаннан теріс айналатыны былай тұрсын, ел ішінде дау-дамай туып кетуі де мүмкін. Біз керісінше, ондай балалардың ана-аналарын ынталандырғанымыз абзал. Мәселен, мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде меңгерген өзге ұлт өкілінің баласын мемлекеттік қызметке орналастырамыз, ұлттық компанияға жұмысқа аламыз деп қызықтыруымыз керек.

Біз бүгін бұл тақырыпты емес, сол болашақ бағдарламасымен сыртта оқып, білімін жетілдірген балаларды елге қайтару ісімен айналысқанымыз дұрыс. Шындығында болашақтықтардың басым көпшілігі шет елдерде қалып қойып жатыр. Кейбірі тіпті оқуға кеткен ақшасын несие алып тұрып қайтаруда. Оған басты себеп, елге қайтып келген болашақтықтарды дұрыс жұмысқа орналастыра алмай жатқандығымыз болса керек. Жұмысқа орналасқандардың өзі «барып кел, шауып келмен» ғана жүр. Міне көтеретін мәселе. Ал сіздер айтқан мәселе дәл бүгін бас қатыратын шаруа емес.

Түйін: Қоғамда мемлекеттік тіл мәселесі көтеріле қалса, өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, шала қазақтардың да тыжырая қалатыны бар. Оларға салсақ орыс тілі өз үстемдігін бүгін де, ертең де сақтап қала берсе дейді. Жастайынан орысша білім алған ондай қазақтар балаларының қазақ тілінен гөрі шет тілінде оқығанын қалайды. Соған қарамастан биліктегілер қазақ тілділердің оң жамбасына келетін шешімдерді күн сайын болмаса да, ара-тұра қозғап, бекітіп немесе қабылдап жатса қуанып қалатын жайымыз бар.

alashainasy.kz

Ілгері Көрушілер саны: 770