Оқулықтар оңбай, оқушыларға білім қонбайды

12 наурыз 2014

Бүгін Қазмедиа орталығында Парламент Мәжілісі депутаттарының көшпелі отырысына қатысушылар арасында «Білім мекемелерінің нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбы талқылауға түскен болатын. Жиында сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мектеп оқулығына қатысты осындай пікір білдірді.

- Оқулықтардың білім мазмұны берекесіз, бір-бірімен ешқандай байланыс, сабақтастық жоқ. Артық дүние өте көп. Жылдан-жылға сағат саны азайып, мазмұны көбейіп келеді. Мен өзім математика пәнінің мұғалімімін. 10-11 сыныптарда туынды, интеграл, ықтималдық теориясы оқытылады. Ал ол бірінші курсқа барғанда жоғары оқу орындарында қайталанып жатуы кісіні қынжылтпай қоймайды. Өкініштісі сол, бұл бір ғана математика пәніне қатысты мәселе емес, барлық пәнге тән, - дей келе ол:

- Сондықтан да оның пайымынша, оқулықтарда оқушылардың өміріне қажетті, ең керекті материалдарды ғана қалдырып, мазмұнын ықшамдау қажеттігі туындап отыр. Мысалы, 11-сыныпты бітірген балалар ҰБТ-да қазақ тілінен емтихан тапсырады. Ал қазақ тілі дегеніміз - лексика, грамматика, фонетика. Ал бізде 10-11 сыныпта қазақ тілі деп жазылады да сөз өнері, сөз мәдениеті , шешендік сөз сынды тақырып бойынша оқытылады. Шын мәнінде шешендік сөз де, тіл өнері де бастауыш сыныптан бастап, сабақтастық түрде өзінен-өзі беріліп отырады. Осы ретте 10-11 сыныпта оқушылардың ҰБТ-ға дайындығын күшейту үшін лексика, грамматика, фонетиканы оқыту қажет емес пе? Оқулықтардағы пән және тақырыптық байланыстардың жоқтығынан жұрт шатасып кетті. Мұның себебін кімнен сұрарымызды да білмей қалдық, - деп қоғам арасында айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпты қайта қаузады.

Айтылмаса сөз – жетім. Ал айтылғанымен оң нәтиженің көзге көрініп жатқаны шамалы. Отырыс барысында бірқатар ұстаздар қауымы халық қалаулылары мен ведомствоның жауапты мамандарының назарына білім саласындағы көптеген күрделі мәселелерді атап өтті.

baq.kz

Ілгері Көрушілер саны: 738