Астаналық оқушылар ЭКСПО көрмесіне өз жобаларын әзірлеуде
Астаналық оқушылар ЭКСПО көрмесіне өз жобаларын әзірлеуде. Жас өнертапқыштар бұл жобаларды ойлап табу үшін біраз еңбектенгендерін айтады. Сондай-ақ олар жұмыстарының жан-жақты қолдау тауып, жүзеге асатынына сенеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық оқушылары Қайнар мен Саматтың жұмысы - «Қалдықтардан газ өндіру» деп аталатын жобаны құрастыруға 15 мың теңге жұмсалған. Ел экономикасы мен экологиясының дамуына үлес қосуды мақсат ететін олар жобаны жүзеге асыруға кететін шығынды да есептеп қойған. Олардың пайымдауынша мұндай зауытты іске қосу үшін шамамен 7 млн. АҚШ доллары керек.
«Азия жолбарыстарын алсақ, олар фосфаттың қалдықтарынан көптеген химиялық реакциялар алды. Бізде неге қалдықтардан керек зат жасамасақ деген ой келді. Керек емес қалдықтан газ жасаймыз да, оны елге тарамыз. Тарифі арзан бағамен. Газдан да энергия алынатынын білеміз. 1000 келіден 375 кВ энергия, 200 шаршы метр газ өндіріледі», - дейді №48 мектеп-лицейінің оқушысы Қайнар Қаһарман.
Инновациялық жобалардың арқасында байқауда бәйгенің алдын бермей жүрген жас өрендер тұрмыстық қалдықтардан газ алудың озық технологиясын жасап шықты. Оның үстіне, зауыттың әлеуметтік пайдасы да зор. Яғни аз да болса, еліміздегі жұмыссыздар саны азаяды. Бастама аяқсыз қалмау үшін Қайнар мен Самат алдымен жобаны патенттеп алуды көздеп отыр.
«Бұл зауыттың әлеуметтік пайдасы өте көп. Қазіргі кезде Қазақстанда жұмыс таба алмай жүрген адамдар көп. Өзінің мамандығы бойынша біз ол адамдарға көмек бере аламыз деп ойлаймыз. Егер зауыт тұрғызылып, елімізге пайдасын тигізсе, Қазақстан басқа да ірі мемлекеттердің арасына экономикалық жағынан кіре алады»,- деді №48 мектеп-лицейінің оқушысы Самат Өмірзақ.
Бірер айдан соң мектепті бітіретін Ардақ күн сәулесі арқылы су тазартатын қондырғы ойлап тапқан. Осылайша, жас талапкер баламалы энергия көздерін пайдаланып, ЭКСПО көрмесіне өз үлесін қоспақ.
«Маған бұл идея теледидар көріп отырғанда келді. Қазір Африкада бір күннің ішінде таза су тапшылығынан 3000 жуық бала өмірден өтеді. Елімізде де таза ауызсудың тапшылығы байқалады. Мен бұл мәселені шешудің өзіндік жолын жасап шықтым. Бұл қондырғыны үйге, кез келген мекеме мен ауылдық жерлерге орнатуға болады», - дейді №53 мектеп-лицейінің оқушысы Ардақ Темірханов.
Жас өнертапқыштар бұл жобаларды ойлап табу үшін біраз тер төккендерін айтады. Сондай-ақ олар жұмыстарының жан-жақты қолдау тауып, жүзеге асатынына сенеді.
inform.kz




