Алматыда инновациялық тіл үйрету құралы жарыққа шықты

28 ақпан 2014

Алматыда мектепке дейінгі жастағы балаларға тіл үйретуге арналған «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешені жарыққа шықты. Аталмыш оқу құралын қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы шығарып отыр. Жоба Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қалалық әкімдіктің қаржыландыруымен жүзеге асты.

Интерактивті құрал 60 тақырыптық бөлімнен тұрады. Оны компьютерге, теледидарға қосуға болады.

«Бұл  республикамызда тұңғыш рет қолданысқа енгізілген, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы. Интерактивті кешенмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді.», - деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Қымбат Нұрсұлтанқызы.

Оның айтуынша,  бұл құрал арқылы бала сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстердің реңін атауды, жадына түйген сөздік қоры арқылы түрлі іс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құруды үйренеді. Сөздік қорын молайтып, алғыс айту, өтініш білдіру, құттықтау тәрізді этика нормаларын орындауға да жаттығады.

 «Инновациялық кешен кез келген теледидарға немесе компьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдарламаны тамашалап отырғандай әсер береді. «Сиқырлы қалам» арқылы балалар бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік алады.  Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшелігіне сай   үйлестірілген», - дейді Қ.Нұрсұлтанқызы.

inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 594