Назарбаев зияткерлік мектебінде робот техникасынан тұңғыш рет өткен чемпионат жеңімпаздары анықталды
Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде тұңғыш рет робот техникасынан жарыс өткізілді.
Аталмыш мектептің баспасөз хатшысы Альбина Байғонақованың хабарлағанындай, алғашқы біріншілікке Қазақстандағы Назарбаев зияткерлік мектептерінен жүзден астам шәкірт қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Шара барысында қала әкімі Алтай Көлгінов атап өткендей, еліміздің инженерлік кадрларын өсіруде талантты жасөспірімдерді техникалық шығармашылыққа тартудың маңызы зор. Бұл инновациялық экономика, ғылымға негізделген жоғары технологиялық салаларды дамытудың алғышарты болып табылады.
Чемпионат Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі робот техникасы үйірмесінің жетекшісі, информатика мұғалімі Прагасен Найдудың бастамасымен ұйымдастырылды. Жас өнертапқыштардың Мурманск қаласында өткен халықаралық жарысына, Индонезияда өткен әлем біріншілігіне қатысып, ой түйіп қайтқан ол осы тәжірибені елімізде таратуды оң көріпті.
Екі күнге созылған сайыс барысында түр-санатына қарай атыраулық Бекнұр Бекқалиев, шымкенттік Асылжан Нұрлыбекұлы, оралдық Арыстан Сабырдың роботтары үздік деп танылды.
inform.kz




