ХҚКО-дан мектеп аттестаты мен білімі туралы дипломның телнұсқаларын алуға болады
Ендігі уақытта еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мектеп аттестаты мен білімі туралы дипломның телнұсқаларын алуға болады, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қызмет көрсету үдерісін автоматтандыру мен оңтайландырудан кейін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, техникалық және кәсіби білімі туралы дипломдардың телнұсқаларын, сондай-ақ негізгі орта, жалпы орта білімі туралы аттестаттардың телнұсқаларын алу үшін азаматтың жеке куәлігі мен жоғалған заттарды тіркейтін орнынан анықтама ғана керек.
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарында осы қызметтерді енгізгеннен кейін білім ұйымдарына бару қажеттілігі жойылды. Бұл орайда кез келген ХҚКО-ға барып, өтінім берудің өзі жеткілікті. Оның үстіне бұл қызметтерді алу кезінде қажетті құжаттардың тізімі оңтайландырудан кейін екі есеге қысқарды» - деді ХҚКО қызметтерін автоматтандыру және ұйымдастыру жөніндегі бас директордың орынбасары Әсемгүл Балташева.
Айта кетерлігі, бұрын диплом мен аттестаттың телнұсқасын алу үшін газеттен жоғалғандығы туралы үзіндіні, туу туралы куәліктің немесе жеке куәліктің көшірмесін, жоғалған заттарды тіркеу орнынан анықтаманы ұсыну, сондай-ақ жоғалу жағдайының толық сипаттамасы берілген өтінішті жазу талап етілген.
Бұл қызметті ХҚКО-да Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрғылықты тұратын азаматтығы жоқ адамдар және ҚР азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының адамдары пайдалана алады. Аттестаттың телнұсқасын күнтізбелік 10 күн ішінде, ал техникалық және кәсіби білімі мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы дипломдардың телнұсқасын сәйкесінше 10 және 15 жұмыс күнінен кейін алуға болады.
inform.kz




