Атырауда ғылыми-инновациялық орталық құру қажет - облыс әкімі
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жанынан ғылыми-инновациялық орталық ашу қажет деп санаймын, оның жұмысына мұнай өндіруші компаниялар жұмылдырылуы керек, - деп мәлімдеді өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
«Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Қазақстан жолы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында маңызды міндеттердің бірі ретінде қазақстандық ғалымдардың әлеуетін арттыру керектігі айтылды. Жолдауда атап көрсетілгендей, экономиканың жаңа жоғары технологиялық салаларын дамыту ғылымды ІЖӨ-нен 3 пайыз кем емес мөлшерде қаржыландыруды қажет етеді. Бұл талап Атырау облысында да орындалуы керек. Экономиканың дамуына әсер етуші нақты ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды қарастырған жөн», - деді Б.Ізмұхамбетов.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, облыста шамамен 40 мұнай өндіруші компания бар.
«Алайда, олардың бәрі ғылыми зерттеулерге бюджеттен бір пайыз қаржы бөлу керек деген талапты орындайды деп айту қиын. Қаржыландыру көздерінің болмауынан ғалымдарға қажетті қолдау көрсетілмейді. Сол себепті «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жанынан ғылыми-инновациялық орталық құрып, оның жұмысына мұнай өндіруші компаниялар жұмылдырылады», - деп негіздеді өз ұсынысын Б.Ізмұхамбетов.
inform.kz




