Ақтауда 23 жасар жігіт мектеп ашты
Ақтауда шешендік өнер мектебі ашылды, деп хабарлайды 24 тілшісі.
Мұнда дәріс орыс тілінде оқытылады. 23 жасар Қайрат Хасанов сөз саптауды мектеп оқушылары мен студенттерге тегін үйретеді. Ол бірнеше мәрте еліміздің үздік спикері атағына да қол жеткізген. Енді жас жігіт бойындағы бар қасиетін шәкірттерінің бойына дарытпақ. Шашасына шаң жұқтырмайтын Қайрат «2013 жылдың үздік бизнес идеясы» аталымы бойынша бас бәйгені жеңіп алған. Ол жастығына қарамастан, адам ресурстарын дамыту мен жетілдіру үшін «Эллада» шешендік өнер мектебін ашты.
Қайрат Хасанов, шешендік өнер мектебінің директоры:
- Көбіне жастардың аузынан суырып аларлық, құлақ құрышын қандыратын сөз шықпайды. Ауызекі сөйлескенде байқайсың, әңгімелері тым қарабайыр. Бұл өте өзекті мәселе. Сатушылар да өз тауарларын дұрыс жарнамалай алмайды. Менің мектебім дәл осындай жандарды өз пікірін анық жеткізе алатын сөзуар, шешен болуға үйретеді. Өнер алды – қызыл тіл. Бұл жоба қоғамдағы осындай кемшіліктерді жою үшін туған.
Мектепте 27 оқушы демалыс күндері 2 сағат бойы дәріс алады. Мұнда дөңгелек үстел, конференция ұйымдастырылып тұрады. Оқу мерзімі – 6 ай. Ал жас талапкер америкалық шешендік өнер мектебіндегі әдістерді қолдану арқылы өскелең ұрпақ арасында пікірталас өткізеді.
Ринат Бекмұхаметов, Маңғыстау облыстық «Жас отан» жастар қанатының белсендісі:
- Жастар өз ойын, пікірін қысылмастан еркін жеткізу үшін мұндай мектеп бізге аудай қажет. Жас ұрпақты қазірден бастап сөзге шешен сөйлеуге үйретуіміз керек. Сонда ол өз ойын іркілместен терең жеткізе алады.
Мұндағылар екі топқа бөлініп, берілген тақырыпты талқылайды. Басым түскені жеңіске жетеді. Осылайша емтиханнан сүрінбегендер арнайы сертификатқа қол жеткізбек.
baq.kz




