Ауылдық мектеп түлектеріне медициналық білім алу үшін арнайы гранттар бөлінеді - Павлодар облысы

9 қаңтар 2014

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Лебяжі ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар айтулы проблемаларды атады, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметінен.

Облыс әкімі аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысына ауданның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары баяндалды. Алайда, аталмыш ауданда проблемалық мәселелер де жоқ емес. Оларды шешу жолдарын облыс әкімінің өзі айтып берді. «Ауданның денсаулық сақтау саласында өзекті мәселелер бар. Аудандағы дәрігерлер зейнеткерлік жасқа жақындап қалған. Бұл мәселені шешу керек. Сондықтан, біз ауылдық мектеп түлектеріне медициналық жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін арнайы гранттарды тағайындайтын боламыз. Ал оларды жібергенше аудан басшылығы қазірден бастап қажетті жас дәрігер мамандарды ауданға тартқандары жөн», - деді Қанат Бозымбаев.
Лебяжі ауданында ҰБТ бойынша көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Аудан бойынша ҰБТ тапсырушы түлектер саны көп болғанымен, аудан бойынша 2013 жылғы ҰБТ-ның орташа балы 65,6 құрады.
Сондай-ақ облыс әкімі ветеринарлық қызметтегі кадр мәселесіне баса назар аударды. Мал шаруашылығы аудан экономикасында басты орын алатын Лебяжі өңірінде ветеринарлық қызметте бар болғаны 18 маман ғана бар. Ветеринарлық кадрларды ауданға тарту бойынша да аймақ басшысы тиісті тапсырмалар берді.

inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 547