Назарбаев ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсырды
Ақордада ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдар мен мәдениет және әдебиет майталмандарын марапаттады.
Елбасы бір топ ғалымға ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттiк сыйлығын және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын табыс етті, деп хабарлайды bnews.kz
"Бiз ұлық мерекемiз – Тәуелсiздiк күнi қарсаңында кездесiп отырмыз. Мерекемен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Қазақта "Еңбегiне қарай құрметi" деген қанатты сөз бар. Дәстүр бойынша бiз бүгін елiмiзде еңбегiмен халықтың көзiне түскен азаматтарды марапаттаймыз", - деп сөз бастады Президент.
"Мемлекеттiк сыйлықтың берiлуi – тәуелсiздiктiң арқасы. Бұл дәстүр оны терең сезiндiре түсерi анық. Мемлекеттiк сыйлық мемлекеттiң өсiп-өркендеуiне өз үлесiн жан аямай қосып жүрген азаматтарға берiледi, сондықтан жеке азаматтарымыздың ғана емес, тұтас елiмiздiң табысы деп саналады", - деді елбасы өз сөзінде.
Мемлекет басшысы марапатқа ие болған азаматтардың бағындырған биiктерi әрқашан баянды болуына тiлек бiлдiрдi. "Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттiк сыйлықтарды тапсырғалы тұрмын. Бұл ғалымдарымыздың тәуелсiздiктi тұғырлы етуге қосқан үлесiн мемлекеттiк сыйлыққа лайықты деп тауып отырмыз. Халықаралық деңгейдегi математикалық проблемаларды шешу жолын ұсынған ғылыми еңбегi үшiн Тынысбек Шәрiпұлы Кәлменов осы сыйлыққа лайық деп танылды", - деп атап өттi Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазiргi медицина саласында озық технологияларды енгiзуге қол жеткiзген Серiк Ақшолақов басқаратын республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының ұжымына мемлекеттiк сыйлық берiлгенiн де тiлге тиек еттi.
"Бiздiң денсаулық сақтау жүйесiнiң жалпы өркендеуiнің, мамандарымыздың кәсiби деңгейі өсуiнің арқасында бұл кiсiлер көп адамдарға өмір сыйлады. Ғылыми қолданбалы сала картографиялау iсiндегi жемiстi жұмыстары үшiн бiр топ географ ғалымдар да мемлекеттiк сыйлықпен марапатталады.
"Қазақ жерiнiң аты елiнiң хаты" деген сөз бекер емес. Картографиялық еңбектің арқасында елiмiздiң тамаша атластық карталар әзiрлемесi қолымызға тиіп отыр. Ел игiлiгi үшiн тер төгiп, iзденiс арқылы зор жетiстiкке жеткен адам қашанда ерекше iлтипатқа лайық болады", - деп өз ойын түйiндедi Президент.
Ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттiк сыйлығы 15 ғалымға табыс етiлдi және "Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi" құрметтi атағы өнерге ерекше үлес қосқан 15 азаматқа берiлдi. Олардың қатарында "Мюзикола" дуэтiнiң солисi Карина Абдуллина, Қарақат Әбiлдина, Нұрлан Әлiмжанов, Венера Нигматуллина, Қазақстан дизайнерлер одағының президентi Тимур Сүлейменов бар.
news.nur.kz




