Депутат: Алдымен балаларды ана тіліне оқытып алайық

Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндер шет тіліне емес, ана тіліне оқытылу қажет.
Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.
Еске салсақ, депутат Дариға Назарбаева жетекшілік еткен комитет отырысында Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беруді дамыту мәселелері талқыланған болатын.
"Мен балабақшаларда ағылшын тілін үйрету сағаттарын арттыру секілді мәселемен еш келіспеймін. Себебі шет тілін бала ертеңгі күні мектепте де оқиды. Сол да жетеді. Ал баланың миы жаңа тілдерді тануға қабілетті деген бұған сылтау болып саналмайды. Сондықтан да, ең бірінші кезекте, балабақшадағы бүлдіршін ана тілін меңгеріп алсын",- деді Алдан Смайыл.
Бұл ретте депутат 5 сыныпқа дейін ана тілінен басқа тілдерді мүлдем оқымайтын Жапон елінің тәжірибесін де алға тартты.
"Расында, дамыған елдердің озық тәжірибесі бар. Мысалы, Жапонияда балаларды 5 сыныпқа дейін шет тілдеріне оқытпайды. Жақсы, біз оқытып жатырмыз делік, онда ең алдымен балаларды ана тіліне жетік етіп оқытып, үйрету керек",- деді А.Смайыл.
news.nur.kz
Читать полностью: http://news.nur.kz/kk/290321.html




