Бастамашыл ұстаздар көп болса ғой...

14 қараша 2013

Жуырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.А.Құл-Мұхаммедтің ресми блогына Әбдірахым Кенжебаев есімді азаматтан мектептегі адамдар арасындағы қарым-қатынас пен тәлім-тәрбиені жетілдіру бойынша өтініш келіп түскен екен.  

«Мен, жоғарғы санатты ұстазбын. 15 жыл педагогикалық өтілім бар. 10 жыл мектепте басшы болдым. Қазір отбасы жағдайыма байланысты Алматы қаласында тұрамын. Мені мазалап жүрген бір мәселе, ол, телеарнада мектептің өмір-тынысы туралы, яғни, оқушылардың өзара және мұғалімдермен қарым-қатынасы, ұстаздардың ата-аналармен қарым-қатынасы туралы бағдарламаның жоқтығы. Осы мәселе туралы ойларымды, жиған азды-көпті тәжірибемді берсем деймін. Осыған мұрындық болуға дайынмын. Бұл толғағы жеткен үлкен мәселе. Өйткені, қазіргі мектептегі тәрбие, қарым-қатынас шиеленісіп, бір шешімін табу керектігі айдан анық. Бағдарламаны кездесу, сұхбаттасу, экскурсия, ой толғау түрінде бастап, соңынан қысқа 10-15 минуттық сериялық қойылымдармен жалғастыруға болады. Қойылымдарға әр аймақтан оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен, мектептерді дайындап тарту кажет. Оған оқушылар мен мұғалімдердің дәрежесі жетерлік. Тек басқарып ұйымдастыру қажет. Осындай өтінішімді жаңадан тағайындалған "Білім және Ғылым министріне" де жібердім», - депті өтініш иесі.
Бұл ретте Мұхтар Абрарұлы:
«Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздің кәсіби қызметіңізге құрметпен қарайды.
Министрлік мектептің өмір-тынысы туралы телебағдарламаны эфирге шығару жөнінде ұсыныстарыңызды "Білім» телеарнасына жолдады.
"Білім» арнасының бюджеті 2013 жылға толықтай жүзеге асырылғандықтан, аталмыш сұрақты 2014 жылы қарастыруды ұсынды», - деп жауап берген.
Айта кетейік, «Білім» және «Мәдениет» телеарналарын біріктіру жөнінде шешім қабылданғандығын ескерсек, бұл ұсыныс қосақ арасында кетіп, жерде қалмайды деп үміттенеміз.

baq.kz

Ілгері Көрушілер саны: 582