• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Студенттерге экстремизмнің "екпесін" сала бастады

4 қараша 2013

Астанадағы колледж бен жоғары оқу орындары студенттеріне діни экстремизм туралы профилактикалық дәрістер оқыла бастады. Азаттық тілшісі қарашаның 5-іне дейін өтетін осындай дәрістің біріне қатысты.

Қарашаның 1-інде Астанадағы "Тұран-Астана" университеті мен медицина колледжінде осындай алғашқы екі лекция оқылды. Оларды "Үлес – 2020" қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Лекция басталарда студенттерге аты-жөндерін, телефон нөмірін жеке параққа жазып беруді сұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, білім және ғылым министрлігі студенттердің лекцияға қатысқанын осы мәлімет арқылы тексермек.

"Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары қауымдастығы" қоғамдық ұйымының президенті, лектор Юлия Денисенко медициналық колледж студенттеріне (ішінде бірінші курстың 16-18 жастағы студенттері де бар) "дәрігер мамандығы ислам содырларының ерекше сұранысына ие" екенін айтты.

Юлия Денисенконың сөзінше, экстремистік діни топтар болашақ дәрігерлерді қақтығыс болып жатқан аймақтарға (мысалы, Сирияға) жіберу үшін арнайы үгіттейді. Бірақ лектор бұл елде жүрген ондаған қазақстандық туралы ештеңе 
айтпады. Тек "Қазақстан жастары басқа елдерге кетіп, ол жақта террормен айналысады, соғысады" деумен шектелді.

Студенттерге исламда "жиһад" деген ұғым барын, экстремистер оны дұрыс ұқпай, теріс қағидаларын пайдаланатыны түсіндірілді.

Лекция барысында Қазақстандағы протестанттық діни ұйымдар жайында да сөз қозғалды. Юлия Денисенконың айтуынша, олардың кейбірі өз қызметінде экстремистік тәсілдерді пайдаланады. "Иегова куәгерлері" діни ұйымы да аталды. Лекцияға қатысушы бойжеткендердің бірі "шіркеуге барып жүрген танысым мені бірге баруға ешқашан үгіттеген емес" деп, лекторға қарсылық білдірді.

Аудитория лектордың "Қазақстанда діни принципі үшін ешкім қудаланбайды" деген сөзін де құптамады. Студенттердің бірі "оқу орындарында қыздардың хиджаб киюіне тыйым салады" дейді.

Лекция үстінде студенттер лектордың сұрағына жауап беріп отырды. Оқылған лекцияның негізгі тұжырымы "исламның дәстүрлі емес бірлестіктері - жаман" дегенге сайды. Лекцияда бұл жайында қазақ тілінде "үгіт-насихат" фильмі де көрсетілді. Фильмде "экстремистерге" тұрмысқа шыққан бойжеткендердің тағдыры – "оларды күйеулері ұрып-соғатыны, кішкентай балаларымен бірге аш-жалаңаш қалдыратыны немесе "бауырларының" біріне тарту ететіні" баяндалды.

"Адамдарға нағыз діннің не екенін, діни экстремистік ағымдардан айырмашылығын көрсету керек. Былайша айтқанда, адам экстремизмнен кішкентай "екпе" алуы тиіс. Егер біз неден қатер күтуге болатынын білсек, одан қорғану да оңай болады", – деді лектор Юлия Денисенко Азаттық тілшісіне.

Лекцияға қатысқан студент қыздардың кейбірі Азаттық тілшісіне бүгінге дейін экстремизм туралы ештеңе білмегендерін, Сирияда жүрген қазақстандық содырлар жайында ештеңе естімегендерін айтты. Азаттық қазан айының ортасында жұмбақ күйде пайда болған видеодағы ондаған "қазақ жиһадшыларының" кейбірінің аты-жөнін тапқан болатын.

Лекция аяқталған соң студенттерге Қазақстан аумағында тыйым салынған діни бірлестіктердің тізімі (барлығы 19 бірлестік) жазылған парақтар таратылып, қажет болса 114 жедел желі телефоны бойынша хабарласуға кеңес берілді.

news.nur.kz


Читать полностью:  http://news.nur.kz/kk/288729.html

Ілгері Көрушілер саны: 630