Қ. Көшербаев мемлекеттік білім гранттарын бөлу ережесін қайта қарауды ұсынды
Бүгін Қызылордада облыс педагогтарының дәстүрлі тамыз мәслихаты өтті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ педагогикалық шеберлік орталығының басшысы Ермек Қасымбеков, аудандық және қалалық білім беру ұйымдарының басшылары, ардагерлер мен ата-аналар қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында барша қауымды алдағы Білім күнімен құттықтаған аймақ басшысы білімнің дамуы бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші екенін атап өтті. Осы ретте Қ.Көшербаев мемлекеттік білім гранттарын бөлу ережесін қайта қарап, мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына облыстағы тапшы мамандықтар бойынша квота бөлуді енгізуді ұсынды.
«Ол бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Себебі, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Соған сай мамандар даярлануы тиіс. Квота бөлінген жағдайда өңірге қажетті мамандықтарға бөлінетін маңызды гранттарға қол жеткізе аламыз», - деді облыс әкімі.
Әзірге бұл мәселені аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша облыс әкімінің 116 грантын бөлу арқылы шешу мүмкін болып отыр.
«Табаны құмға күйген, маңдайы күнге күйген, тағдырдың теперішін көрсе де, асқақ армандарынан бас тартпаған, алдына ірі мақсаттар қойған, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талантты балаларымызды біз қолдамасақ, кім қолдайды?!» - деді Қ.Көшербаев тамыз кеңесінде.
Айта кетейік, осы мақсаттағы гранттың 60 пайызы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетке бөлініп отыр. Келесі жылы бұл көрсеткіш 300-ге дейін жететін болады.
inform.kz




