• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Қазақстанға қандай маман иелері қажет?

16 қазан 2013

Қазіргі таңда екінің бірі экономика немесе заң мамандығы бойынша білім алып оқуға тырысады. Ал, елімізге ауадай қажет техника, физика, химия, тау-кен ісі, инженер, металлург және құрылысшы  тағы басқа салаларға көңіл аз бөлінеді. Неліктен республикамызда техника саласы бойынша мамандық иелері аз? Бәрінің қаржы мен есеп шотты айналшықтап кетуінің себебі қандай? Өйткені, бүгінгі таңда жастар жалақысы көп, тамыр-танысы бар жерді таңдайды. Екіншіден, күн астында қара жұмысқа салынып қиналмай-ақ, бірден жарық кабинетте жұмсақ орындықта отырғанды жөн көреді. Ал, егер техника саласына баратын болса көбіне өндіріс жағына араласып еңбек ету керек екендігін білеміз. Яғни, ол белгілі бір зауытта немесе даладағы электр желілерінде жұмыс жасайтындығы белгілі. Ал, қазіргі заманда кімнің ауыр іс жасап артық қиналғысы келеді? Көбісі қызметі оңай, бірақ еңбекақысы көп қызмет орынды іздестіреді. Дегенмен, елімізде жыл сайын техника мамандықтарының тапшылығы сезіліп, осы салаға жас мамандарды тарту үшін түрлі шаралар қолданып келе жатыр. Мысалы, биыл оқу жылында жоғары білімді мамандарды даярлау үшін бөлінген гранттың көбісі техника мамандығы бойынша келіп отыр деп хабарлайды uchi.kz сайты.

Жалпы, салыстырмалы түрде биылғы жылы бөлінген мемлекеттік гранттың саны өткен жылмен салыстырғанда 738-ге дейін өсті. 2012-2013 оқу жылы студенттерге арналған мемлекеттік білім беру грант саны 34 315-ті  құраса, биыл бұл көрсеткіш 35 053-ке дейін өсіп отыр. Оның ішінде, төмендегі салалар бойынша мемлекеттік білім беру гранттардың саны өсті. Олар: білім беру саласы бойынша - 130, өнер - 15, техникалық ғылым мен технологияларға - 475,  жаратылыс ғылымына - 120, гуманитарлық салаға - 70, ветеринарлық және әлеуметтік ғылымға – 20.

 Сонымен қатар, биылдан бастап заң саласында оқимыз деген студенттер үшін мемлекеттік грант аз бөлінді. Себебі, аталмыш сала бойынша білім алып жатқан шәкірттердің саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Және оларға жұмыс табу да күннен күнге қиындап барады. Сондықтан да, биылдан бастап жоғарыда аталған маман иелеріне мемлекеттік білім беру гранты аз берілетін болып шешілді.

Былтыр талапкерлер арасында биотехнология, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, стандарттау, сертификаттау және метрология,  ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, аударма ісі,  халықаралық қатынастар,  дизайн, құқықтану, қаржы,  есеп және аудит,  экономика,  халықаралық құқық мамандықтары ерекше сұранысқа ие болған. Ал, биылдан бастап техника маман иелеріне көп көңіл бөлініп отыр. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 14-желтоқсанда Қазақстан халқына Жолдауында: ««Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын» деген болатын. Сонымен қатар, білім беру жүйесінде теориялық білім берумен ғана шектеліп қоймай, ғылыми-зерттеушілік бөлімдер құрып дамыту қажет екендігін айтты Елбасы. Қазіргі таңда жаңа технологиялар ойлап тауып елді өзіне қаратып отырған алпауыт елдер көп. Олардың қатарына, Жапония, Қытай, Корея, АҚШ, Ұлыбритания тағы басқа республикалар бар. Ал біз осындай бүкіл дүние жүзін тамсандыра алатын техника ойлап тауып, еліміздің индустриалды-инновациялық дамуын қарқынды ете аламыз ба? Әрине, ол үшін бірінші, өз саласын жетік білетін мықты технология маман иелерін оқытып даярлау керек.  Елбасы өз сөзінде: «Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу» - деді. Ендеше, келешек жас ұрпақтың алар белестері биік болады деген үміттеміз. Себебі, халықты еңбекпен қамтамасыз ету және еліміздің индустриалды-инновациялық бағдарламасын дамыту білімді жастардың қолында екенін ұмытпайық!

Сонымен қатар, биылдан бастап педагогика мен агроном мамандықтары бойынша да мемлекеттік білім беру гранттары ұлғайып отыр.  Олардың саны 6 мыңға дейін жетті. Оның ішінде ауыл шаруашылық саласы бойынша оқимын деген жастар үшін 2 мың мемлекеттік білім беру гранты берілді.

el.kz

Ілгері Көрушілер саны: 1299