Әрбір оқушы мектепке қысылмай баруы керек
ҚР Білім және ғылым министрлігі жұртшылықты «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясына қатысуға шақырады. Шара тамыздың 1-інде басталады.
Жыл сайын киім-кешек пен оқу құралы жағынан мектепке баруға қиналатын тұрмысы төмен отбасы балалары көп. Қайырымдылық шарасы сондай шаңырақтарға қолдан келгенше көмек көрсетуді көздейді. Білім және ғылым министрлігі қоғам мүшелерін жаңа оқу жылын көппен бірге бастай алмай қалатын балалар мәселесіне бейжай қарамауға шақырады. Министрліктің мәліметінше, «Мектепке жол» акциясы осымен бесінші жыл өткелі отыр. Осы уақытқа дейін елімізде 1 миллионнан астам оқушы қайырымды азаматтардан жалпы құны 6 млрд 400 млн теңге болатын материалдық жәрдемге ие болған. Шараға, негізінен, мемлекеттік органдар, ірі компаниялар мен акционерлер белсенді қатысқан. Жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы қыркүйектің 30-ына дейін жалғасады.
alashainasy.kz




