Ой-көкпар
Жақында ғана «еліміздегі ұлттық компаниялардағы бос жұмыс орындарына мамандарды қабылдау бойынша конкурстар жарияланып, оған қатысқан үміткерлердің ішінде шетелден білім алып келгендер көптеп таңдалды» деген мәліметтер тарай бастады. Әсіресе әлеуметтік желілерде «шетелдік оқу орындарын тамамдап, елге қайта оралған жастарымыздың жұмысқа орналасуына басымдық беріледі» деген даулы тараптар бұл мәселенің бір ұшы отандық оқу орындарының беделіне барып тиіп, нұқсан келтіретінін тілге тиек етеді. Алайда «Болашақ» сынды мемлекеттік бағдарламалармен шетелде білім алу мүмкіншілігіне ие болған жастарды жұмыспен қамтудың өзіндік пайдалы тұстарын түсіндіргісі келетін тарап та жоқ емес. Осы орайда «Ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуда шетелден келгендерге ғана басымдық беру арқылы отандық оқу орындарының беделін түсіріп алмаймыз ба?» деген сұрақты мамандардың қызу талқысына салып көруді жөн санадық.

Нұрлан ӨТЕШОВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы:
иә
– Ұлттық компаниялардағы бос жұмыс орындарына тек шетелде оқып келгендерді іріктеп алу, әрине, дұрыс емес. Жарайды, егер белгілі бір мамандықтар бойынша шетелден келген қазақстандық мамандар таңдалып алынады десе – бөлек әңгіме, бәлкім, қалай да түсінуге болар ма еді?! Дегенмен қазіргі біздің отандық жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасы шетелдегіден асып түспесе де кем емес. Барлығы демей-ақ қояйын, бірақ қазақстандық кәсіби білім беру негізі бүгінде талайды мойындатып, талай жерде дәлелденген болатын. Тіпті қазақстандық білім сапасын қазір көпшілік «шетелмен бәсекелес бола алады» деп те жатады.
Өз басым отандық жоғары оқу орындарының түлектері ұлттық компанияларымызда жұмыс істеуге лайықты, білімдері мен біліктіліктері қажетті дәрежеде деп есептеймін. Бәлкім, шетелде біздің елде жоқ мамандықтар бар шығар, егер мәселе осыған келіп тірелсе, әрине, шетелден келген жастарымыз жұмыстарын істей берсін, дау жоқ, бірақ барлық мамандық бойынша өзімізде маман жоқ деп айтуға негіз көріп тұрған жоқпын. Ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуға шетелден оқу бітіріп келгендерге ғана басымдық беру арқылы отандық жоғары оқу орындарының беделін түсіріп алмасымызға кім кепіл?! Олай дейтін себебім, түлектерге шектеу қойып, таңдау жасаудың өзі құқықтық жағынан болсын, материалдық немесе моральдық жағынан болмасын, дұрыс емес. Қарапайым адамның өзіне түсінікті, егер жастардың санасында «мені бәрібір жұмысқа алмайды» деген ой туындайтын болса, отандық оқу орындарында кім оқығысы келеді?! Ал шетел асып, білім алуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді ғой?! Әрине, мұнымен шетелден келген бауырлар мен елімізде білім алып жатқан қаракөздерімізді бөле-жарып қарағандығым емес, дегенмен жас маманның білім алған жеріне, еліне қарай жұмыспен қамту нағыз әділетсіздік деп есептеймін.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Өз басым Қазақстанның ұлттық компанияларында бар бос жұмыс орындарына маман қабылдау бойынша конкурстар ұйымдастырылып, жұмыстан үмітті мамандардың ішінде шетелден білім алып келгендерге басымдық беріліп, солар ғана таңдалып алыныпты дегенді ресми түрде естіген емеспін. Тіпті солай болған күннің өзінде шетелде білім алғандарды жұмыспен қамтып жатқаннан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын. Ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуға шетелден бітіріп келгендерге ғана басымдық беру арқылы отандық оқу орындарының беделін түсіреміз деп қалай айтуға болады?
Мысалы, сол «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыздың барлығы дерлік – отандық оқу орындарының түлектері. Қазір «Болашақпен» тек Қазақстанда бакалаврды бітірген, қолында дипломы бар жастар ғана шетел асып магистратурада оқиды. Демек, бұл, бір жағынан, отандық оқу орнының беделін керісінше көтереді емес пе?! Иә, бұрын бакалаврды да шетелден оқуға болатын, бірақ соңғы бес-алты жылда бұл жүйе тоқтатылды. Сондықтан «жас мамандарды жұмыспен қамтуда оқу орындарының беделі артады, яки түседі» деп айтудың өзі дұрыс емес деп есептеймін. Отандық жоғары оқу орнын аяқтап, шетелде білімін ұштастырған жастардың қандай жазығы бар? Оның үстіне мемлекет сол жастарды оқыту үшін мемлекет қазынасынан жылда қыруар қаржы бөледі. Демек, біз олардың білімін пайдалануға тиіспіз. Мемлекет жастарға шетелде оқу мүмкіншілігін сыйлады ма, ақысын қайтарсын, мемлекетке қызмет етсін. Елімізде жоқ жаңалықтарды шетелде көрген, білгенімен толықтырып, экономиканың өркендеуіне атсалыссын. Сондықтан шетелде оқып келген мамандарға ұлттық компаниялардан жұмыс ұсынудың сол компаниялардың жұмыс сапасына қатысты, жалпы, елдегі әлеуметтік жағдайды көтеруге қатысты өзіндік ерекшеліктері, пайдалы тұстары, ұтымды жақтары бар деп ойлаймын және «шетелде оқыды, жұмыспен қамтылды» деп ренжу орынсыз дүние деп есептеймін.
alashainasy.kz




