• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Педагогтің мақсаты – тұлғаны ашу

12 шілде 2013

ҚР білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі – жалпы білім беретін мектептерде білімді, дене бітімі және рухани әлемі дамыған азамат қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру. Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 – 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында» көрсетілген. Осы ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асыру оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Мұнда оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастық, өзара жауапкершілік, өз позициясын еркін таңдау жағдайында диалогтік ұстанымда өрбиді. Ол үшін білім беру үдерісінде бала тұлғасының дене бітімі және зияткерлік аспектілерін ғана емес, баланың жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашу қажет. Ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруда жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтарға негізделген «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының рөлі ерекше.

Рухани-адамгершілік білім беру – оқу мазмұнына ойы, сөзі мен ісі бірлесе өмір сүретін, мінез-құлқы тұрақталған оқушы тәрбиелейтін және оның жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашуға ықпал ететін жалпыадамзаттық құндылықтарды енгізу арқылы олардың белсенді оқу танымдық іс-әрекетін ынталандыру мен ұйымдастыруға арналған мақсатты үдеріс. Осы үдерісті жүзеге асырушы педагогтерге тоқталатын болсақ, әр оқушы үшін мұғалімнің оқушыларға айтқандарын оның өзінің білуі маңызды. Оқушы соған мән береді. Осыған орай, рухани-адамгершілік білім беруде ең маңыздысы – мұғалім тұлғасы. Оның ойы, сөзі және ісінің бір-біріне сай болуы, өзін рухани тұрғыда жетілдіруі мен біліктілігін арттыруы.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ мақсаты мен іс-әрекетінің басты қағидаларын негізге ала отырып, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесін құруда «Өрлеудің» Қарағанды облысындағы филиалы педагогтердің біліктілігін арттыру институтында жоспарланған «Өзін-өзі тану» пәні бойынша біліктілікті арттыру курстары 72 сағаттық бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Аталған курстың мақсаты «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін игеруге көмектесу. Курс дәріс, семинар, тәжірибе арқылы жүргізіледі.

Мұғалім әрбір оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, балалардың қоршаған ортада өзінің тұлғалық «менін» жете түсінуіне көмектеседі. Ол — дайын білімдерді жеткізуші емес, балалардың өмірдегі маңызды іскерліктері мен дағдыларын игеруге жетелейтін өзін-өзі тану үдерісінің жетекшісі. Ол балалармен бірге ойланады, жаңалықтар ашады, дауларды шешеді, таңданады, күмәнданады.

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» пәні — мемлекетіміздің болашағына, яғни жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып, өмірден өз жолын табуына көмектесетін пән. Осы пәннің басқа пәндердің құндылықтық мәнін арттыратын пән екенін ескеретін болсақ, мектептегі оқытылатын сабақтардың мазмұнын осы пәнмен ықпалдастыру сабақтың жандануына әсер ететіндігі сөзсіз. Ол білім беру жүйесіндегі күрделі мәселелерді шеше отырып, басты мақсат-міндеттерді жүзеге асыру арқылы білімнің оң нәтижесіне қол жеткізу үшін педагогтердің кәсіби-тұлғалық даярлығының жоғары болуын міндеттейді. Жанып тұрған шырақ қана екінші шырақты тұтатып, жарық, жылу бере алады. Маман да солай, өзі білімді болғанда ғана балаға білім бере алады. Ол үшін педагогтің өзінде трансформация болуы керек.

Дидар КАКЕНОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды облыстық
филиалының педагог біліктілігін арттыру институты
«Өзін-өзі тану» пәнінің тренері

kaz.classtime.kz

Ілгері Көрушілер саны: 995