Оқулық жазу ісіне мұқият болайық
Қазіргі таңдағы мектептегі оқушыларға және жоғары оқу орындарындағы студенттерге арналған оқулықтардың сапасы сын көтермейді.
Тіпті кітап дүкендеріндегі сөрелерде және кітапханаларда орта және жоғары білім беру жүйесіне арналған оқулықтардың саны барған сайын ұлғайып барады. Бірақ олардың саны бар да, сапасы соған сәйкес келмей жатады. Сол себепті білім алып жатқан жастар сондай оқулықтардан үлкен зиян көріп жатқандығы белгілі. Міне, осыдан келіп университет қабырғасында оқып жатқан студенттердің өздері «бізге қоғамдық-гуманитарлық пәндердің университеттерде қайтадан оқытудың қаншалықты қажеті бар?» деген сөздері айтылып жатады. Ол әсіресе, тарих пәніне де қатысты болып отыр. ЖОО-дағы студенттердің арасында қалыптасқан мұн-дай пікірлер күн санап белең алуда. Бұл жастардың өздерінің төл тарихына деген құрметінің болмауынан туындап отыр. Ол үшін тарихшылар қауымы Қазақстан тарихын ЖОО-да оқытудың жаңа методологиялық моделін ойлап табуы қажет. ЖОО Қазақстан тарихын оқытатын оқулықтар мен мектеп оқулықтары бір-бірінен өзара жүйелік және мазмұны жағынан едәуір ерекшеленуі қажет. Өйткені қазіргі студенттерге мектеп қабырғасында тарихқа қатысты алған білімін университеттерде жаңа методологиялық әдіс-тәсілдерді қолданып, білімдерін одан ары қарай жетілдірудің орнына, оны дәл сол қалпында қайталап оқытып жатады. Осыдан кейін студенттердің тарих пәніне деген қызығушылықтары жоғалады. Алдымен бұл іске білек сыбанып кіріспес бұрын, шетелдердегі тарих оқулықтарының жазылу ісіне назар аударуымыз қажет. Барлығын ой елегінен өткізіп алған соң ғана бұл жұмысқа ден қоюымызға болады. Өткеннің қателігін бүгін қайталамайық. Мектепте оқитын оқушыларға арнап жазылатын жаңа мазмұндағы оқулықтар негізінен, ғылыми ауыр тілде емес, қайта оқуға жеңіл әрі көркем тілде жазылуы тиіс.
Жуырда Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің төрағалығымен «Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу» жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы болып өтті. Бұл отырыста тарих ғылымына қатысты келелі мәселелер көтерілді, соның ішінде тарих оқулықтарын қайта жазу. Оқулық жазу ісіне қатысты Мемлекеттік хатшы М.Тәжин: «Білім және ғылым министрлігі Қазақстан тарихының екі арқаулық оқулығын: ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарих, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы оқулықтарын даярлаудың және оқу үдерісіне енгізудің жоспарын дайындап, ведомствоаралық жұмыс тобының қарауына ұсынуға тиіс. Бұл жұмыс балалар мен жастардың тарихқа деген қызығушылығын қалыптастыруға, білім алуға деген ұмтылысын ынталандыруға себепші болады» дегенді айтты. Оқулық жазу оңай шаруа еместігі баршамызға белгілі. Сондықтан да бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Тарих оқулығын жазу ісіне өте тәжірибелі және оқулық жазу ісімен жете таныс ғалымдар мен мұғалім мамандар жұмылдырылуы тиіс. Жақында аталмыш жиынға орай «Казахстанская правданың» мәжіліс залында мектеп және ЖОО-да оқитын оқушы және студенттерге арнап жаңа оқулық жазу жөнінде кеңейтілген отырыс болды. Отырысқа қоғам қайраткерлері, ЖОО-ның оқытушы ғалымдары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысып, олардың әрқайсысы жаңадан жазылатын оқулықтарға қатысты жеке ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай отырыста мектеп қабырғасында са-бақ беріп жүрген әдіскер-мұғалімдерді және «Жыл мұғалімі» деген атаққа ие болған жас мамандарды да тартып, олардың да ой-пікірлерін ортаға салғанымыз дұрыс болар еді. Себебі мектеп қабырғасында оқушыларға сабақ беріп жүрген тарихшы-мұғалімдер қазіргі оқушылардың тарих пәніне қатысты сұраныстарымен және олардың ой-пікірлерімен жете таныс.
Жаңа әдістемеге сүйеніп жазылатын тарих оқулықтары еліміздің келешек жас ұрпақтарының тарихи санасының қалыптасуына және отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал етуі керек.
Д.РАХЫМҚҰЛОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының
аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы
aikyn.kz




