«Дипломмен ауылға» бағдарламасы елдімекендердегі кадр мәселесін шешуде

4 шілде 2013

Мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз қажеттілігін толық дәлелдеді.

Өйткені, осы жоба аясында кейбір шалғай аудандардың кадр мәселесі шешілді. Ұстаздық ету – ұлы іс. Бірақ,100 түлектің 99-ы шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды емес, жалақысы мол мамандықты таңдайды. Әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, ұстаздар беделіне нұқсан келтіріп алдық. Осы олқылықтың орнын мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы азда болса толтыруда. Атырау облысы Жылой ауданына келген жас маман Асылжан Қалиқызы қызметтік пәтер мен өзге де жеңілдіктерді алып, ауыл мектебінде абыроймен қызмет етіп келеді.  

Асылжан САБЫРОВА, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: 

- Жалпы мұғалім болу бұрыннан арманым болатын. Сол арманыма қол жеткізгеніме қуаныштымын. Қазіргі таңдағы мақсатым –  Қазақстанның болашағы болатын ұрпақтарымызға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сол жолда аянбай қызмет етіп келе жатырмын. Болашақта да осы қызметімнің жемісін көремін деген ойдамын.

Жылыой ауданы Теңіз кеніші орналасқан еліміздегі ең мұнайлы аймақ саналады. 50 мыңнан астам халқы бар ауданда 20 мектеп бар. Онда 1542 мұғалім қызмет етуде. Өткен жылы ауданға мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 12 маман келген. Бірақ, мұғалім тапшылғы осы жылы да 2-3 есеге артты. 

Сара ТАҢАТАРОВА,  Жылыой аудандық білім беру бөлімінің бас маманы:

- Біздің мектеп бітірген түлектеріміз педагогика саласын емес, мұнай саласын, техникалық мамандықтарды таңдайды. Көптеген мамандар шетелде білім алуда. Енді педагогикалық мамандардың жетіспеушілігі, тапшылығы байқалады. 2013-2014 оқу жылына ауданға 71 маман қажет.

Сұраныстағы мамандықтар – математика, физика, химия, биология, шет тілі пәндерінің мұғалімі. Бұл ғылымдардың бала болашағын қалыптастыруда маңызы зор. Жауапты мекемелер мәселені айтып, күзгі оқу жылына  Ақмола облысы, Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларынан 24 мұғалімді жұмысқа келуге үгіттеп келген.

24.kz

Ілгері Көрушілер саны: 909