Оқушы жүрегінен орын алған ұстаз

4 шілде 2013

Аблаева Айша Дулатқызы – 26 жыл бойы мектеп қабырғасында мұғалімдік қызмет атқарып, қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша шәкірттерінің бойына сапалы білім, саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаз.

1995 жылдан бері драма үйірмесін қолға алу арқылы оқушылардың әдебиетті, поэзияны, өнерді, табиғатты сүюге деген құштарлықтарын оятып, болашақта қапысыз мамандық таңдауына жол ашып келеді. Осы жылдар аралығында үйірмеге қатысқан шәкірттері М. Әуезовтің «Қарагөз» пьесасынан үзінді қойылымы үшін Алматы қаласы Әуезов ауданы  әкімінің «Алғыс хатына» ие болса, 2003-2004 жылдар аралығында Кенесары Қасымұлы туралы «Хан Кене» пьесасынан үзінді қойылымы үшін аудандық, Алматы қалалық білім көтеру институтының «Мақтау қағаздары» мен «Алғыс хаттарына» ие болды. 2007-2008 жылдары қалалық «Ақ желкен» фестивалінде М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді қойылымы үшін Білім департаментінің «Дипломымен» және «Алғыс хатымен» марапатталды. Айша Дулатқызы, сондай-ақ поэзия жанрында да оқушылардың шығармашылық деңгейін тек жоғарыдан көрсете білді. 2003-2004 жылдары республикалық «Абай оқуларына» қатысқан шәкірттері: Рымова Арай Абай әндерін орындауда, Болатбек Ұлан Абайдың өлеңдерін жатқа оқуда аудандық, қалалық жарыста бас жүлдеге ие болып, республика көлемінде де жүлдегер атанды. 2007-2008 жылдары дайындаған оқушылары республика көлемінде «Оралхан Бөкей оқуларынан» бас жүлдеге ие болды. 2011 жылы  республика көлемінде түрік тілінде қойылған «Алмалы қала» қойылымы күміс медальмен ІІ орынға ие болды. «Жарқын болашақ»  халықаралық фестивалінде  дайындаған қазақ-түрік лицейінің (ұлдар) оқушылары қойған  «Алаш үні» қойылымы І орынға ие болып, «KATEV» қорының  дипломы мен «алғыс хатымен» марапатталды.

2004 жылдан бері Айша 9-11-сынып оқушыларын ҰБТ-ға да­йындап, үнемі жоғары көрсет­кіштерге жетіп келеді. ҰБТ бойынша оқушыларының орта балы – 23 балл. Жылда  «Алтын белгіге» үміткер шәкірттері ұстазының еңбегін ақтап, үміттері ақталып, қазақ тілінен 25 балға қол жеткізіп, қуанышқа бөле­неді.
Айша Аблаева – өз маман­дығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті маман дедік. 2007-2008 жылдар аралығында аудандық, калалық көлемде өткен «Ең үздік қазақ тілінің мұғалімі» байқауында жүлдегер атануы да осының айқын дәлелі. Өзінің үлгілі шығармашылық жұмыстарын баспа бетінде жа­риялап отыруын да жас маман­дардың тәжірибе жи­нақ­тауына деген қамқорлықтың үлгісі деуге болады. Осы орайда 2005 жылы «Ұлан» газетінде жарияланған «Хан Кене арамызда», 2006 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көрген «Драма үйірмесі – мектепте», 2007жылы «Қазақ және әлем әдебиеті»  журналына шыққан «Қазақтың Қоңыры», 2006 жылы «Қазақ тілі және әде­биеті» журналында жарияланған «Синтаксистен өткенді қай­та­лау», 2008 жылы «Алматы ұстазы» журналына шыққан «Мен әртіс болуды армандайтынмын» атты мақалаларын бөлек атап өтуге болады.  Сондай-ақ «Қазақстан» телеарнасында, «Қазақ радио­сында» да  бірнеше рет сұхбат берген жайы бар.

2013 жылы қазақ тілі пәні бойынша  «ҰБТ-ға арналған әдістемелік құрал» және орыс сыныптары үшін «ҰБТ-ға ар­налған әдістемелік құрал», сондай-ақ «Қазақ тілі пәнінен тест тапсырмалары» атты әдіс­темелік кітаптарының жарық көруі – ұстаздың ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын танытса керек. Мұғалім беделі, әрине, атақ-дәрежемен өлшенбесе керек. Айша Дулатқызы – шын мәнінде оқушыларының жү­регінен орын алған ұстаз!  Оны жыл сайын жинақталып қалатын ақ қағазға маржандай тізілген шәкірттерінің тілек-ниеттері де анық аңғартады. Сабақ берудегі оңтайлы әдіс-тәсілдерін айт­па­ғанда, ашық мінезінің өзімен сабақ үстінде әрдайым көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын оны оқу­шылар ерекше жақсы көреді. Мұғалім бақыты деген – осы! 2010 жылдан бері Алматы қа­ласындағы «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығында қазақ тілі пәнінен дәріс беріп, оқу-әдістемелік  ісінің мең­ге­рушісі қызметін атқарып келе жатқан Айша Аблаеваның біз көктей шолып шыққандағы  қарапайым еңбек жолы, міне, осындай. Ал оның ішінде мұ­ғалімнің көзге көрінбейтін, оңайлықпен еленбейтін қаншама  тер төккен жылдары жатыр десеңізші...

aikyn.kz

Ілгері Көрушілер саны: 1173